Қарашада Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, қараша айы жылы болады. Еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1–2 градусқа жоғары болады, – деді министр.
Қазан айында да Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы әдеттегіден жылы болады деп болжанып отыр.
Болжамға сәйкес, қазан айындағы орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Ал Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігінде және Абай облысында температура климаттық нормаға жуық болады де күтілуде, – деді Әлібек Қуантыров.
Министрдің айтуынша, 2026 жылғы вегетациялық кезең астық егетін бірқатар өңір үшін күрделі жағдайда өтті. Елдің солтүстік бөлігін қоспағанда, Қазақстанның басым аумағында әртүрлі қарқындылық пен ұзақтықтағы құрғақшылық байқалды.
Ең ұзақ құрғақ кезеңдер Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысында тіркелді.
Сонымен қатар Әлібек Қуантыров Қазақстанның көптеген өңірі үшін құрғақшылық климаттық нормаға жататынын атап өтті.