Құрылтайда өткен брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда 9 медресе жұмыс істейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл оқу орындарында исламтану, хадистану және теология мамандықтары бойынша білім беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің сөзінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі осы бағыттар бойынша маман даярлау қажеттілігін қайта қарауды ұсынып отыр. Атап айтқанда, исламтану мамандығын мамандықтардың жалпы классификаторынан алып тастау мәселесі көтерілген.
Мәдениет және ақпарат министрлігі хадистану және теология бағыттары бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейінде мамандар даярлаудың қажеттілігі жоқ деген ұстанымға сүйене отырып, исламтану мамандығын жалпы классификатордан алып тастауды ұсынды. Бұл мәселе биыл тамызда өткен ведомствоаралық комиссия отырысында көтерілді. Мәселе өте өзекті, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, медреселердің қызметіне қатысты мәселелер бір ғана ведомствоның құзыретіне кірмейді. Сондықтан бұл бағыттағы жағдайға байланысты қосымша ақпарат беріледі.
Сондай-ақ ол Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және бұл қағидат жаңа Конституцияда да бекітілгенін атап өтті. Бұған дейін хадистану мен теология салаларындағы мамандарға сұраныс болғандықтан, аталған білім беру бағыттары ашылған.
Еске салайық, Қазақстандағы сопылық бағыттағы «зікіршілер» жамағатының жетекшісі Исматулла Мақсұмға қатысты тергеу жүріп жатыр.