Қазақстанда халыққа психикалық денсаулық бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір елімізде 304 бастапқы психикалық денсаулық орталығы мен кабинеті жұмыс істейді. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында амбулаториялық қызметке 874 мыңнан астам рет жүгіну тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай хабарлады.
Қазіргі уақытта медициналық ұйымдар жанынан 101 бастапқы орталық пен 203 психикалық денсаулық кабинеті ашылған. Бұл азаматтарға тұрғылықты жері бойынша, соның ішінде емханаларда мамандандырылған көмек алуға мүмкіндік береді. 2026 жылдың соңына дейін тағы алты бастапқы орталық ашу жоспарланып отыр.
Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында амбулаториялық қызметке 874 398 рет жүгіну тіркелген. Медициналық ұйымдар желісінің кеңеюі психикалық денсаулыққа қатысты мәселелерді ерте анықтауға және пациенттерге қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Оңалту қызметтері де кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелді пациенттерге арналған оңалту бөлімшелері еліміздің барлық 20 өңірінде жұмыс істейді.
Ерікті түрде емделгеннен кейін оңалтумен қамту көрсеткіші 2023 жылғы 27 пайыздан 2025 жылы 50 пайызға дейін өскен.
Сонымен қатар стационарды алмастыратын медициналық көмек түрлері дамып келеді. 2026 жылы күндізгі стационарлардағы психиатриялық төсектер саны 3,7 пайызға артты. Бұл пациенттерге тәулік бойы стационарға жатпай-ақ ем алуға мүмкіндік береді.
Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғауға да ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылыстарын ерте анықтау және балаларға медициналық қолдау көрсету жүйесі жетілдіріліп жатыр.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша аутизм спектрінің бұзылыстары бар 21 335 адам динамикалық бақылауда тұр. Олардың 20 777-сі – балалар.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы психикалық денсаулық мәселелері бойынша 2 150 маман оқытудан өткен. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында пациенттерді ерте диагностикалау мен медициналық сүйемелдеудің заманауи тәсілдері енгізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі психикалық денсаулық орталықтарының желісін кеңейтуді, балаларға психиатриялық көмек көрсетуді дамытуды және оңалту бағдарламаларын жетілдіруді жалғастырмақ.
Министрлік психикалық саулықты сақтау адамның жалпы денсаулығы мен өмір сапасын жақсартудың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Басты мақсат – аурулардың алдын алу мен ерте анықтаудан бастап емдеу және оңалтуға дейінгі барлық кезеңде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.