- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда отбасын не бұзады? Сарапшы ажырасудың негізгі себептерін атады
Қазақстанда отбасын не бұзады? Сарапшы ажырасудың негізгі себептерін атады
Сарапшының айтуынша, ажырасудың артында тек қаржы емес, эмоциялық және әлеуметтік факторлар да жатыр.
Бүгiн 2026, 10:03
Қазақстандағы неке мен ажырасу тақырыбы қоғамда жиі талқыланады. Бірі отбасы құндылығы әлсіреп бара жатқанын айтса, енді бірі бұл қалыпты әлеуметтік өзгеріс деп есептейді.
Осы мәселелерге қатысты ойы Қазақстанның қоғамдық даму институтының отбасын зерттеу және гендерлік саясат орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл BAQ.KZ тілшісіне айтып берді. Сарапшының айтуынша, қазіргі өзгерістер отбасы институтының дағдарысын емес, оның жаңа жағдайларға бейімделуін көрсетеді.

BAQ.KZ: Бүгінгі қоғамда отбасы құндылығы әлсіреп бара жатыр деген пікірмен келісесіз бе? Әлде мәселе құндылықта емес, адамдардың жауапкершілігінде ме? Отбасы құндылықтарының әлсіреуіне не себеп?
Ақнұр Иманқұл: Отбасы құндылықтары әлсіреп бара жатыр деген пікірмен толық келісу қиын. Керісінше, қазіргі қоғамда отбасы институтының дағдарысынан гөрі, оның жаңа әлеуметтік жағдайларға бейімделіп, трансформациялануын айтқан дұрыс. Бүгінде отбасы мен неке қатынастарының жаңа форматы қалыптасуда, онда дәстүрлі ұстанымдармен қатар жеке таңдау, эмоционалдық жақындық және өзара түсіністік алдыңғы орынға шығады.
“Қазақстандық қоғамдық даму институты” КеАҚ (ҚҚДИ) жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтар үшін отбасы әлі де жоғары құндылық ретінде қабылданады. Мысалы, респонденттердің 44,9%-ы отбасын “бақыт пен махаббат” деп сипаттаса, 41,7%-ы оны “ұрпақ жалғастырумен”, 40,7%-ы “өмірдің мәнімен” байланыстырады. Сонымен қатар 23%-ы отбасын жауапкершілік пен міндеттермен байланыстырады. Бұл көрсеткіштер отбасының тек дәстүрлі емес, сонымен қатар эмоционалдық өлшемдерінің күшейгенін көрсетеді.
Яғни мәселе құндылықтың әлсіреуінде емес, оның мазмұнының өзгеруінде. Егер бұрын отбасы көбіне әлеуметтік міндет ретінде қарастырылса, қазір ол адамның жеке өмір сапасымен, эмоционалдық қанағаттануымен тығыз байланысты. Осыған байланысты адамдардың талабы да артты, соның салдарынан жауапкершілік мәселесі алдыңғы орынға шықты.
Отбасы құндылықтарының “әлсіреуі” туралы пікір көбіне урбанизация, гендерлік рөлдердің өзгеруі, әлеуметтік нормалардың әртараптануы және ақпараттық кеңістіктің әсерімен байланысты. Алайда бұл процестерді дағдарыс ретінде емес, отбасының жаңа жағдайларға бейімделуі, яғни оның табиғи эволюциясы ретінде қарастырған дұрыс.
Қаржы, зорлық-зомбылық пен туыстар
BAQ.KZ: Ажырасу санының артуына негізгі қандай факторлар әсер етіп отыр деп ойлайсыз? Қаржылық қиындықтар ажырасудың басты себептерінің бірі ме?
Ақнұр Иманқұл: 2020 және 2025 жылдарды салыстырсақ, айырмашылық айқын көрінеді. Ұлттық статистика бюросы дерегі бойынша, 2020 жылы Қазақстанда 48 002 ажырасу тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 45 731-ді құраған.
Яғни бес жыл ішінде ажырасу саны шамамен 2 271 жағдайға азайған. Бұл салыстырмалы түрде үлкен құлдырау емес, бірақ маңыздысы – өсім емес, керісінше төмендеу және тұрақтану тенденциясы байқалады.
Сонымен қатар аралық динамикаға қарасақ, 2022-2023 жылдары ажырасу саны одан да төмен деңгейге (шамамен 40 мыңға дейін) түскен, ал 2024-2025 жылдары аздап қайта өсу бар. Бұл жалпы трендтің бір сызық бойымен жүрмейтінін, бірақ ұзақ мерзімді перспективада 2019 жылғы шарықтаудан кейін төмен деңгейде қалып отырғанын көрсетеді.
Осылайша, 2020-2025 жылдар аралығында ажырасу деңгейі күрт артты деуге негіз жоқ. Керісінше, белгілі бір тұрақтану және ішінара төмендеу үрдісі байқалады.
ҚҚДИ сауалнама дерегі ажырасудың қоғам тарапынан қандай жағдайларда “ақталатынын” нақты көрсетеді. Ең жоғары көрсеткіш – отбасындағы зорлық-зомбылық: респонденттердің 51,1%-ы бұл жағдайды ажырасуға толық негіз деп санайды. Бұл өте маңызды индикатор, себебі қазіргі қоғамда қауіпсіздік пен жеке шекаралар бірінші орынға шыққанын білдіреді.
Одан кейінгі маңызды себептер – опасыздық (46,5%) және алкоголь немесе нашақорлық (46,2%). Сондай-ақ құмар ойындарға тәуелділік те жоғары үлеске ие (37,9%). Яғни қоғам ажырасуды ең алдымен деструктивті мінез-құлық болған жағдайда шешім бола алатынын көрсетіп отыр.
Эмоционалдық факторлар да бар: махаббаттың болмауы мен түсініспеушілік (24%), құрметсіз қарым-қатынас (21,9%). Бұл қазіргі некеде тек формалды бірге өмір сүру емес, сапалы қатынас маңызды екенін көрсетеді.
Дегенмен 2021 жылы жүргізілген сапалық зерттеу нәтижелері ажырасу себептерін тек сандық көрсеткіштермен шектеуге болмайтынын дәлелдеді. Бұл зерттеуге сәйкес, ажырасудың негізгі факторлары ретінде экономикалық қиындықтар, ішімдікке салыну, отбасындағы зорлық-зомбылық, сондай-ақ туыстардың отбасы ісіне шамадан тыс араласуы аталған.
Бұл жерде маңыздысы – бұл себептердің бір-бірімен тығыз байланыста көрінуі. Экономикалық тұрақсыздық көбіне отбасындағы шиеленісті күшейтіп, ішімдікке тәуелділік немесе жанжалдардың ушығуына әкелуі мүмкін. Ал зорлық-зомбылық – ажырасудың ең радикалды және әлеуметтік тұрғыдан қабылданбайтын себебі ретінде көрінеді. Сонымен қатар постдәстүрлі қоғам жағдайында туыстардың араласуы да ерлі-зайыптылардың автономиясына қайшы келіп, қақтығыстарға себеп болуы ықтимал.
Осылайша, сапалық зерттеу нәтижелері ажырасу себептерінің кешенді екенін көрсетеді: мәселе тек материалдық жағдайға тірелмейді, ол мінез-құлықтық, мәдени және отбасылық өзара әрекет үлгілерімен де тығыз байланысты.
ҚҚДИ жүргізген тағы бір зерттеу дерегіне сәйкес, отбасындағы ұрыс-керістің негізгі себептері нақты және құрылымданған сипатқа ие.
Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, ең жиі себеп – қаржылық мәселелер (45,8%). Бұл экономикалық қысымның отбасы ішіндегі шиеленісті күшейтетінін айқын дәлелдейді. Алайда ұрыс-керіс тек материалдық факторлармен шектелмейді. Маңызды үлесті балаларды тәрбиелеуге қатысты келіспеушіліктер (21,0%) және өмірге деген әртүрлі көзқарастар (21,9%) алады. Бұл қазіргі отбасыларда құндылықтар мен өмірлік стратегиялардың сәйкес келмеуі жиі қақтығыс тудыратынын көрсетеді.
Сонымен қатар күнделікті тұрмыстық және эмоциялық факторлар да айтарлықтай рөл атқарады. Мысалы, үйдегі міндеттерді бөлуге қатысты мәселелер (17,9%) және назар мен қолдаудың жетіспеуі (16,2%) отбасындағы өзара әрекет сапасының маңызды екенін көрсетеді. Яғни қазіргі жағдайда тек бірге өмір сүру емес, қарым-қатынастың сапасы шешуші мәнге ие.
Туыстардың араласуы да белгілі бір деңгейде әсер етеді (7,9%), бұл Қазақстан қоғамында кеңейтілген отбасы моделінің әлі де ықпалды екенін білдіреді. Сонымен қатар зиянды әдеттер мен тәуелділіктер (8,7%) де ұрыс-керістің тұрақты факторларының бірі болып отыр.
Осылайша, соңғы деректерге сүйенсек, отбасындағы ұрыс-керістің себептері көпқырлы: экономикалық қиындықтар маңызды болғанымен, құндылықтық айырмашылықтар, эмоциялық қолдаудың жетіспеуі және рөлдердің бөлінуі сияқты әлеуметтік-психологиялық факторлар да өзінің елеулі ықпалын тигізіп отыр.
Заң арқылы некені сақтауға бола ма?
BAQ.KZ: Жаңа Конституция отбасы институтын нығайтуға нақты қалай ықпал ете алады? Жалпы, заң арқылы отбасыны сақтап қалу мүмкін бе, әлде бұл көбіне қоғам мен құндылықтарға байланысты ма? Құжаттағы норма ажырасу деңгейін төмендетуге нақты әсер ете ала ма?
Ақнұр Иманқұл: Конституциялық деңгейде отбасы институтын қорғау нормаларының енгізілуі - маңызды саяси және құқықтық сигнал. Бұл мемлекет тарапынан отбасының әлеуметтік маңыздылығын мойындауды білдіреді және әлеуметтік саясатты дамытуға институционалдық негіз қалыптастырады.
Алайда халықтың отбасына қатысты мінез-құлқы көбіне құқықтық нормалармен емес, күнделікті өмір тәжірибесімен, экономикалық жағдаймен және мәдени құндылықтармен анықталады. Сондықтан заң арқылы ажырасу деңгейін тікелей төмендету мүмкіндігі шектеулі.
Конституция отбасын сақтаудың тікелей құралы емес, бірақ ол әлеуметтік қолдау, гендерлік теңдік және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы саясатты күшейту арқылы жанама әсер ете алады.
Жастар неге кеш шаңырақ көтеріп жатыр?
BAQ.KZ: Жастардың некеге деген көзқарасы қалай өзгерді? Урбанизация, әлеуметтік желілер, экономикалық қысым – бұлардың ажырасуға әсері қаншалықты?
Ақнұр Иманқұл: Жастардың некеге деген көзқарасы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Егер бұрын неке ерте орындалатын әлеуметтік норма ретінде қабылданса, бүгінде ол жеке таңдау мен өмірлік стратегияның бір бөлігіне айналды.
Мұны ресми деректер де растайды: Қазақстанда алғаш некеге тұру жасы өсіп келеді және 2024 жылы ерлер үшін 27,9 жас, әйелдер үшін 25,2 жас деңгейіне жетті. Сонымен қатар соңғы онжылдықта бұл көрсеткіштің біртіндеп жоғарылағаны байқалады (мысалы, әйелдерде 2014 жылғы 24,6 жастан қазіргі 25+ деңгейіне дейін).
Некеге кеш тұру үрдісін ең алдымен білім алу қолжетімділігінің кеңеюімен түсіндіруге болады. Қазіргі жағдайда жоғары білім алу кең таралып, оқу мерзімі ұзарды, ал бұл жастардың өмірлік траекториясын өзгертті: алдымен білім, кейін кәсіби қалыптасу, содан соң ғана отбасы құру басымдыққа айналып отыр.
Білім алу кезеңінің ұзаруы жастардың экономикалық дербестікке кешірек жетуіне әкеледі, ал бұл некеге тұру шешімін кейінге шегереді. Сонымен қатар білім деңгейінің өсуі некеге деген көзқарасты да өзгертеді: ол дәстүрлі міндет емес, саналы таңдау ретінде қарастырылады. Жастар өз серіктесінен тек әлеуметтік сәйкестікті емес, құндылықтық, интеллектуалдық және эмоциялық үйлесімділікті күтеді.
Осы орайда, некеге кеш тұру – отбасы институтының әлсіреуінің емес, керісінше оның “сапалық” өзгеруінің көрінісі. Яғни неке саны емес, оған қойылатын талаптар мен оған дайындық деңгейі артып отыр.
Урбанизация да бұл өзгерістердің маңызды факторларының бірі. Қалалық өмір салты дәстүрлі әлеуметтік бақылауды әлсіретіп, жеке таңдау еркіндігін арттырады. Сонымен қатар қала жағдайында өмір сүру құны жоғары болғандықтан, жастар некеге тұруды кейінге қалдырады. Аймақтық айырмашылықтар да осыны дәлелдейді: мысалы, Маңғыстау облысында некеге тұру жасы төменірек болса, Шығыс Қазақстан облысында жоғарырақ, бұл урбанизация мен әлеуметтік құрылым ерекшеліктерімен байланысты.
Әлеуметтік желілердің әсері айтарлықтай, және бұл құбылысты Торстейн Веблен сипаттаған “Демонстративті тұтыну” ұғымы арқылы түсіндіруге болады. Торстейн Веблен теориясына сәйкес, адамдар тұтыну арқылы өз мәртебесін көрсетуге ұмтылады, ал қазіргі жағдайда әлеуметтік желілер бұл процесті күшейтіп отыр. Пайдаланушылар идеалдандырылған өмір салтын, “сәтті” қарым-қатынастарды және визуалды түрде тартымды отбасы модельдерін көрсету арқылы белгілі бір әлеуметтік стандарттарды қалыптастырады.
Нәтижесінде жастарда неке мен серіктестікке қатысты жоғары, кейде шынайылықтан алшақ күтулер пайда болады. Бұл нақты өмірдегі қарым-қатынастармен сәйкессіздік туғызып, қанағаттанбаушылықтың артуына және жанжалдардың жиілеуіне ықпал етуі мүмкін.
Экономикалық қысым да маңызды фактор екенін соңғы сауалнама деректері айқын көрсетеді. Респонденттердің басым бөлігі мемлекет тарапынан ең алдымен тұрғын үй мәселесін шешуді қажет деп санайды (60,9%). Сонымен қатар жұмыспен қамту (52,8%) да жоғары сұранысқа ие. Бұл жастар мен отбасылар үшін экономикалық тұрақтылықтың негізгі алғышарттары – баспана мен тұрақты табыс екенін көрсетеді.
Бұдан бөлек, медициналық қызметтерге қолжетімділік (29,8%), білім беру (28,4%) және ауыр жағдайдағы отбасыларға көмек (шамамен 25-30%) сияқты бағыттар да маңызды деп бағаланады. Яғни экономикалық қысым тек табыс деңгейімен шектелмейді, ол өмір сапасына әсер ететін кең әлеуметтік инфрақұрылыммен байланысты.
Ажырасудың алдын алу үшін не істеу керек?
BAQ.KZ: Ажырасудың алдын алу үшін мемлекет қандай нақты қадамдар жасауы тиіс? Жаңа Конституция ажырасуды азайта ала ма?
Ақнұр Иманқұл: Ажырасудың алдын алу үшін мемлекет ең алдымен шектеуші емес, қолдаушы саясат жүргізуі тиіс. Жоғарыда айтылған қоғамдық пікірге сүйенсек, халық әлеуметтік қолдау шараларын, әсіресе тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту сияқты бағыттарды отбасының тұрақтылығына тікелей әсер ететін факторлар ретінде бағалайды.
Сонымен қатар отбасылық кеңес беру, психологиялық қолдау және неке алдындағы білім беру бағдарламаларының маңыздылығы артып келеді.
Конституция бұл процестердің институционалдық негізін күшейте алады, бірақ ажырасуды тікелей реттейтін құрал ретінде қарастырылмайды.
BAQ.KZ: Болашақта Қазақстанда отбасы институты қалай өзгереді деп болжам жасайсыз?
Ақнұр Иманқұл: Болашақта, әлемдік тенденциялармен бірге Қазақстандағы отбасы және неке институтында белгілі бір өзгерістер болатыны анық. Неке және отбасының түрлері мен мазмұны өзгере береді.
Нуклеарлы, яғни ерлі-зайыптылар мен балалары ғана бірге тұратын отбасы басым бола түседі. Некеге тұру жасының өсуінің жалғасуы, отбасындағы бала санының азаюы мүмкін.
Сонымен қатар гендерлік теңдік тереңдеп, отбасы ішіндегі рөлдер икемді бола түседі деп ойлаймын.
Маңыздысы, бұл өзгерістерді отбасының әлсіреуі емес, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделуі ретінде қарастырған дұрыс.
BAQ.KZ: Ақнұр ханым, уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге алғыс айтамын.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстан ажырасу бойынша көшбасшы емес – омбудсмен мәлімдемесі
«Ажырасу өте оңай»: Қазақстанда неке бұзу тәртібі қиындатылмақ
"Уайымға түсіріп, отбасынан ажырасуға дейін жеткізеді": Депутат психологтардың жұмысын сынға алды
Ең оқылған:
- БҚО-да есірткі тарату схемасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
- Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті
- Иранның Жоғарғы Көшбасшысы АҚШ пен Израильге қауіп төндірді
- Перуде қауіпті жағдай: жер опырылып, үйлер қирап жатыр
- Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде 33-орынға көтерілді
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА