Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда қазақстандық азаматтық теңіз флотын дамыту жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, соңғы 5 жылда порттар арқылы жалпы тасымал көлемі 51%, ал контейнерлік тасымалдар 3,5 есеге өскен.
Теңіз инфрақұрылымын дамыту шеңберінде келесі жобалар іске асырылуда. Олар – Контейнерлік хаб, Ақтау порты акваториясын тереңдету, Ақтау және Құрық порттарындағы причалдарды модернизациялау және Ерсай контейнер терминалы мен Саржа универсал терминалын салу. Бұл шаралар порттардың өткізу қабілетін 21 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін ұлғайтады, - деп атап өтті министр.
Айтуынша, жалпы Каспий теңізінде 150-ден аса кеме бар. Қазақстандық кемелер мұнай мен контейнерлерді тасиды.
Мысалы: мұнай тасымалында Ақтау – Махачкала бағытымен 100% біз тасыймыз, Бакуға 50% біз, 50% әзербайжандық танкерлермен тасымалданады. Контейнерлік тасымалдардың 72% біздің кемелермен жүзеге асырылады. Санкцияларға және төлем жасау проблемаларына байланысты Иран бағытында астық тасымалы ирандық және ресейлік кемелер тасиды, - деді Нұрлан Сауранбаев.
Белгілі болғандай, барлық паромдық тасымалдар әзербайжан тарапынан жасалады
Отандық флотты дамыту үшін 2029 жылға дейін тағы 12 кемені салу жоспарланған. Осылайша Орта дәліз арқылы жүк ағынын толық қамтамасыз ететін болады. Жалпы алғанда, 3 жылдың ішінде жаңа контейнер терминалдарын және теңіз кемелерін салу жүзеге асырылады. Әзербайжан тарапымен бірлесіп жаңа паромдық жүйе құру, дреджингтік компания ашу және ұзақ мерзімді бірыңғай тарифтік саясат жүргізу бойынша шешім қабылданды, - деді ведомство басшысы.
Министр аталған жобаларды іске асыру теңіз көлігі саласының бұдан әрі дамуына оң әсерін тигізеді деп отыр.