«Қазақстанда оқу қымбат емес»: Министр университеттердегі бағаға қатысты пікір білдірді

12 Қараша 2026, 17:11
АВТОР
 gov.kz 12 Қараша 2026, 17:11
12 Қараша 2026, 17:11
101
Фото: gov.kz

Қазақстанда мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқу ақысының жыл сайынғы өсуі 10 пайыздан аспауға тиіс. Сонымен қатар соңғы үш жылда білім алуды қаржыландырудың төрт қосымша тетігі енгізілген. Бұл туралы  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифинг барысында журналистер Қазақстандағы медианалық жалақы 187 мың теңге екенін айтып, мұндай табыс жағдайында жоғары білімнің қаншалықты қолжетімді екенін сұрады. Сондай-ақ студенттердің қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болмауы үшін Еуропаның білім беру моделін енгізу мүмкіндігі туралы сауал қойылды.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділік деңгейі салыстырмалы түрде жоғары. Бұған мемлекеттік гранттардың көп бөлінуі мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы жеті жылда жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеден асатын 650 мыңға жуық грант берілді. Студенттер саны мен гранттар арақатынасын салыстырсақ, қазір шамамен екі студентке бір гранттан келеді. Яғни студенттердің едәуір бөлігі мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады, – деді Саясат Нұрбек.

Министр демографиялық өсімді ескере отырып, соңғы үш жылда білім алуды қаржыландырудың төрт қосымша тетігі енгізілгенін атап өтті.

240 мың отбасы баласының оқуына ақша жинап жатыр

Саясат Нұрбектің мәліметінше, қазіргі уақытта 240 мың отбасы балаларының болашақта білім алуына қаражат жинау үшін арнайы шот ашқан.

Бұл жүйе бойынша отбасы шотқа ақша жинайды, ал мемлекет бастапқы капитал беріп, банк сыйақысына қосымша мемлекеттік сыйлықақы қарастырады.

Егер бала мемлекеттік білім беру грантына түссе, жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға пайдалануға немесе келесі баланың оқуына қалдыруға болады. Яғни қаражат жойылмайды.

Бұдан бөлек, оқу ақысының 50 пайызына дейін өтейтін сараланған гранттар мен пайызсыз білім беру қарыздары қарастырылған.

Тағы бір маңызды құрал – “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы. Бұл да білім алуға қаражат жинауға мүмкіндік беретін қосымша тетік. Қазірдің өзінде қазақстандықтардың шоттарына 1 млрд доллардан астам қаражат аударылды, – деді министр.

Мемлекеттік университеттерде оқу ақысының өсуі шектелген

Баспасөз конференциясында оқу ақысының қымбаттауы мәселесі де көтерілді.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқу ақысының өсуі инфляция деңгейімен шектеледі. Сонымен қатар жыл сайынғы өсімді 10 пайыздан асырмау көзделген.

Ал жекеменшік университеттердің оқу ақысын тікелей реттеу мүмкіндігі шектеулі. Себебі олар коммерциялық ұйым ретінде жұмыс істейді. Дегенмен министрлік Жекеменшік жоғары оқу орындары қауымдастығымен тұрақты кездесулер өткізіп, оқу ақысының өсуіне қатысты ұстамды саясат ұстануға шақырады.

Шетелдік университеттердің филиалдарында оқу құны төмендетілген

Саясат Нұрбек Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік университеттердің филиалдарымен оқу ақысына қатысты келіссөздер жүргізілгенін айтты.

Министрдің сөзінше, серіктестермен жүргізілген жұмыс нәтижесінде Қазақстандағы оқу ақысын негізгі кампустардағы бағадан 40-50 пайызға төмен деңгейде ұстау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.

Сондай-ақ шетелдік университеттердің филиалдарында қазақстандық талапкерлерге арналған гранттар қарастырылған. Министр келтірген мәлімет бойынша, олардың қатарында жыл сайын 300 грант бөлінетін бағдарлама да бар.

Алдағы уақытта да оқу ақысының өсуін инфляция немесе индексация деңгейінде ұстап тұру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз, – деді Саясат Нұрбек.

Наверх