- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда не үшін 15 тәулікке қамауға алуы мүмкін? – Адвокаттың түсініктемесі
Қазақстанда не үшін 15 тәулікке қамауға алуы мүмкін? – Адвокаттың түсініктемесі
Вандализмді басқа құқық бұзушылықтардан ажырата білу маңызды.
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
5 Тамыз 2026, 19:13
Қираған аялдамалар, шимайланған қабырғалар, сынған орындықтар мен граффитиді көбі вандализм деп атайды. Дегенмен заң тұрғысынан мүлікті бүлдірудің кез келгені бұл ұғымға жатпайды. Вандализмнің бұзақылықтан айырмашылығы неде, мұндай әрекеттер үшін қандай жауапкершілік көзделген және құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз не істеу керек деген сұрақтарға BAQ.KZ тілшісіне Астана қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Айдар Советбеков жауап берді.
Кез келген мүлікті бүлдіру – вандализм емес
Сарапшының айтуынша, күнделікті өмірде біреудің мүлкін кез келген түрде бүлдіруді жиі вандализм деп атайды. Алайда заңнамада бұл ұғымның мағынасы тарлау.
«Қылмыстық кодексте тарих және мәдениет ескерткіштерін, тарихи-мәдени мұра объектілерін, сондай-ақ мемлекет қорғауындағы табиғи объектілерді қорлау вандализм болып саналады. Бұл жерде сөз материалдық шығын келтіру туралы емес, мәдени және қоғамдық құндылықтарды қорлау туралы болып отыр», – деп түсіндірді Айдар Советбеков.
Ол вандализмді басқа құқық бұзушылықтардан ажырата білу маңызды екенін атап өтті.
Бұзақылық ең алдымен қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты, ал мұндай жағдайда мүліктің зақымдануы қосымша салдар болып табылады. Егер адам біреудің мүлкін әдейі қиратып, иесіне материалдық шығын келтірсе, мұндай әрекеттер мүлікті қасақана зақымдау ретінде саралануы мүмкін.
Қандай жағдайлар жиі кездеседі?
Адвокаттың сөзінше, вандализм туралы айтатын болсақ, ең жиі кездесетін мысалдар – ескерткіштерге, тарихи объектілерге, Петроглифтерге жазулар түсіру, сондай-ақ мемориалдарды қорлау. Ал күнделікті өмірде өзге де жағдайлар әлдеқайда жиі ұшырасады.
«Аялдамалардағы сынған әйнек пен шыны, шимайланған қабырғалар, лифтідегі өртенген батырмалар, қоғамдық көліктегі кесілген орындықтар немесе саябақтардағы сынған орындықтар мен қоқыс жәшіктері – мұның бәрін халық жиі вандализм деп атайды. Дегенмен, мән-жайларға байланысты мұндай әрекеттер ұсақ бұзақылық немесе мүлікті қасақана бүлдіру ретінде саралануы мүмкін», – деді сарапшы.
Қандай жазалар көзделген?
Айдар Советбековтің айтуынша, жауапкершілік құқық бұзушылықтың сипаты мен келтірілген шығынға байланысты.
Сонымен, вандализм үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабы) 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл, 160 сағатқа дейінгі мерзімге түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау қарастырылған.
«Егер вандализм адамдар тобымен немесе араздық мотивтері бойынша жасалса, жаза айтарлықтай қатаңдауы мүмкін – үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза бар», – деп атап өтті адвокат.
Егер сөз біреудің мүлкін қасақана жою немесе зақымдау туралы болса, келтірілген шығынның мөлшері шешуші мәнге ие.
«Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік арасындағы шекара 200 айлық есептік көрсеткіш сомасымен белгіленеді. Егер шығын бұл сомадан аз болса, әкімшілік жауапкершілік қолданылады, ал көп болса – қылмыстық жауапкершілік жүктеледі», – деп түсіндірді Айдар Советбеков.
Оның айтуынша, шығын мөлшері шамамен емес, зақымдалған мүлікті калпына келтіру құнын немесе тозуын ескере отырып, оның нарықтық құнын айқындайтын тәуелсіз тауартану немесе бағалау сараптамасының нәтижелері бойынша белгіленеді.
Егер шығын 200 АЕК-тен аспаса, әрекеттер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабы бойынша сараланады. Бұзушыға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе бес тәуліктен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау қаупі төнеді.
Бұдан бөлек, егер мүлікті бүлдіру балағат сөздер айтумен немесе қоғамдық тәртіпті бұзумен ұласса, әрекеттер қосымша ұсақ бұзақылық ретінде саралануы мүмкін. Бұл жағдайда да 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау көзделген.
Құқық бұзушы жасөспірім болса
Заңгердің айтуынша, вандализм мен мүлікті қасақана зақымдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік, әдетте, 16 жастан басталады.
Егер құқық бұзушылықты осы жасқа толмаған жасөспірім жасаса, жауапкершілікті ата-аналар жеке немесе заңды өкілдері көтереді.
«Әкімшілік айыппұлдан бөлек, ата-аналар азаматтық заңнамаға сәйкес келтірілген материалдық шығынды да өтеуге міндетті», – деді Айдар Советбеков.
Куәгер не істеуі керек?
Адвокат құқық бұзушыларды өз бетінше ұстауға тырыспауға кеңес береді.
«Бұл куәгердің өзінің өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті болуы мүмкін. Сонымен қатар басқа да құқықтық салдарларға әкелуі ықтимал. Мүмкіндігінше болған жағдайды көрсетпей фотоға немесе видеоға түсіріп алып, одан кейін бірден 102 нөміріне хабарлап, материалдарды полиция қызметкерлеріне тапсырған дұрыс», – деп кеңес берді ол.
Сарапшының айтуынша, көптеген азамат өз әрекеттерінің жауапкершілікке әкеп соқтыруы мүмкін екенін түсіне бермейді.
Мысалы, кейбір адамдар ғимараттардың фасадындағы граффитиді шығармашылықтың көрінісі деп санайды, меншік иесінің келісімінсіз мұндай суреттер заңсыз болып табылады.
Жартастарда, ескерткіштерде немесе табиғи объектілерде «Осында болған...» сияқты жазулар қалдыру әдеті де аз емес.
«Адамдар ашу үстінде біреудің кеңсесінің әйнегін шағып алса немесе ауладағы шлагбаумды сындырса, шығынды өтей салсам жеткілікті деп ойлайды. Олар шығынды өтеу жөніндегі азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен бөлек, құқық бұзушылық фактісінің өзі үшін мемлекет тарапынан жаза – айыппұл немесе қамау бар екенін ұмытып кетеді», – деп түсіндірді адвокат.
Жауапкершілік қатаңдай түсті
Айдар Советбековтің айтуынша, мемлекет құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» принципін белсенді түрде жүзеге асыруда.
«Бiрiншiден, заң шығарушы мүлікті қасақана бүлдіруді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бөлек бабына бөліп көрсетті, бұл ықтимал шикіліктерді жоюға мүмкіндік береді. Екiншiден, бейнебақылау жүйелерін, соның ішінде "Сергек" камераларын, сондай-ақ аулалар мен кіреберістердегі камераларды жаппай енгізу бұзушылардың жеке басын бірнеше сағат ішінде анықтауға мүмкіндік береді. Үшiншiден, азаматтардың өздері де белсенді бола түсті: вандализм фактілері бар бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тез таралады, сондықтан полиция мұндай хабарламаларға жедел үн қатып, кінәлілерді жауапқа тартады. Жекелеген жағдайларда бұзушыларға 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау қаупі төнуі мүмкін», – деп түйіндеді адвокат.
Бұған дейін ІІМ вандализм үшін жауапкершілік бар екенін ескертті.
Тағы оқи отырыңыз:
Астанада бойжеткен Бейімбет Майлиннің ескерткішіне мініп алған
"Бәйтерек" ескерткіші алдында әдепсіз қылық көрсеткен 19 жастағы жігіт ұсталды
Ең оқылған:
- Ерлан Қарин тойда уағыз айтқан ер адамға қатысты пікір білдірді
- Үш жасар бала куә болған қасірет: Атырауда әйелді өлтірді деген күдікті ер адам ұсталды
- Астанада видео түсіріп тұрып «ашуланған» жігіт 5 тәулікке қамалды
- Қазақстан шоколадының дәмі өзгерді ме? Министрлік тексеріс жүргізді
- Қазақстанға кіру тәртібі өзгереді: Шетелдіктерге жаңа талап енгізілмек