Шоколадтың бетінде пайда болған ақ даққа қатысты резонанс тудырған видеодан кейін мамандар «Рахат» компаниясының өнімін бақылау мақсатында сатып алып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде қазақстандық шоколад өндірісінде заңбұзушылық анықталған жоқ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тексеру Сауда және интеграция министрлігінің уәкілетті органымен бірлесіп жүргізілген.
«Шоколадқа қатысты резонанс тудырған видеодан кейін Сауда министрлігінің уәкілетті органымен бірлесіп тексеру жүргіздік. “Рахат” компаниясының шоколадын бақылау мақсатында сатып алдық», – деді Азат Сұлтанов.
Оның айтуынша, шоколадтың бетінде ақ дақ екі себептен пайда болуы мүмкін. Біріншісі – өнімді сақтау температурасы бұзылған кезде пайда болатын майлы ағару.
«Шоколадты тоңазытқышта сақтауға болмайды. Оны сақтауға қолайлы температура – плюс 18-ден плюс 21 градусқа дейін. Шоколадты тоңазытқышқа салып, кейін қайта шығарған кезде какао бұршақтарының майы бөлініп, бетінде ақ қабат пайда болады», – деп түсіндірді вице-министр.
Екінші ықтимал себеп – қанттың ағаруы. Ол ылғалдылық жоғарылаған кезде пайда болады. Мұндай жағдайда қант кристалданып, шоколадтың бетінде ақ дақ түзіледі.
Азат Сұлтанов мұндай дақ өнімнің дәмдік сапасына әсер етпейтінін және мемлекеттік стандарттарға сәйкес рұқсат етілетінін атап өтті.
«Тағы да атап өткім келеді, мұндай ағару шоколадтың дәмдік сапасына еш әсер етпейді. Біріншіден, осыны айту керек. Екіншіден, бұл мемлекеттік стандарттарға сәйкес келеді, яғни ГОСТ талаптарында қарастырылған», – дейді ол.
Вице-министр отандық кондитерлік өнеркәсіптің дамуына да тоқталды. Қостанай облысында «Баян Сұлу» фабрикасы өнім түрлерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа жобаны жүзеге асырып жатыр.
«Қазақстандық шоколадтың тек “Рахат” компаниясымен ғана шектелмейтінін мақтан тұтуымыз керек. “Баян Сұлу” фабрикасының өнімдері де бар. Олар сыртқы нарықтарда үлкен сұранысқа ие», – деді Азат Сұлтанов.
«Қазіргі уақытта Қазақстандағы фабрикаларда шоколад өндіру кезінде қандай да бір заңбұзушылық анықталмағанын мәлімдеймін», – деп түйіндеді вице-министр.