Қазақстанда аусыл бойынша эпидемиологиялық жағдай қандай? Бұл сауалға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Солтүстік Қазақстан облысынан.
Кездесуде ветеринариялық қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және мал шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланды.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда аусыл ауруының ошағы тіркелген жоқ.
Көршілес елдердегі күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ауру жұқтырған немесе елдің ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін малдың кіруіне жол бермеу үшін дер кезінде тиісті шаралар қабылданды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын жоспарлы вакцинациялау жұмыстары жүргізілді, – деді Азат Сұлтанов.
Сондай-ақ ветеринариялық қызметтердің жұмысы күшейтілді. Әсіресе шекара маңындағы өткізу бекеттерінде бақылау шаралары қатаңдатылды.
Азат Сұлтановтың сөзінше, елде тіркелген жекелеген мал аурулары мен аздаған мал шығыны аусылға жатпайды.
Қазақстан аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Бұл қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шараларымен бірге мал шаруашылығы саласын белсенді дамытуға, жаңа нарықтарға шығуға және халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді вице-министр.
Ал, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Соңғы үш жылда бруцеллез ауруы 12 есе азайған. Сондай-ақ қолайсыз пункттердің саны 7-ге қысқарды. Әкімдік дерегінше, өңірде қауіпті аурулардың күрт өршу жағдайлары барынша төмендетілген.
Биыл республикалық бюджеттен облыста 57 ветеринариялық пункт пен 2 ветеринариялық станция салуға 1,8 млрд теңге бөлінді.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ветеринариялық пункттердің салынуы жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал саулығын сақтауға айтарлықтай қолдау көрсетеді. Мұндай нысандарда ветеринариялық қызметтің барлық түрі көрсетіледі.
Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына отандық құрылыс компаниялары тартылып, отандық құрылыс материалдары пайдаланылады.
Еске салайық, бұған дейін көрші елде аусылдан мал жаппай қырылып жатқанын, індет Қазақстанға жетті ме деген талдау жүргізген болатынбыз.