Қазақстанда коммуналдық желілердің жартысы тозған

12 Шілде 2023, 11:03
683
Бөлісу:
Қазақстанда коммуналдық желілердің жартысы тозған
Фото: Арман Мухатов - архив

Елімізде коммуналдық желілердің тозуы 51%-ды құраған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміз бойынша 128 мың шақырымға жуық жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері бар. Сол желілердің 51%-ы тозған. Коммуналдық желілердің ең жоғары тозуы Павлодар (68%), Шығыс Қазақстан (64%), Қарағанды (62%) және Ұлытау облыстарында (62%) сақталып отыр.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2030 жылға қарай біздің алдымызда коммуналдық желілердің жалпы тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендету міндеті тұр . Жылумен жабдықтау желілері бойынша 43%-ға дейін, сумен жабдықтау бойынша 32%-ға дейін, су бұру бойынша 44%-ға дейін жоспарланған. Тозуды төмендету бойынша нысаналы индикаторлар белгіленіп, өңірлерге жеткізілді, - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Осы жылы 126 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд, 300 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар министрлік алдағы жылыту маусымына дайындық барысын және жылумен жабдықтау жобаларына мониторинг жүргізу мақсатында жұмыс тобын құрып тексеру жұмыстарын жүргізуді бастаған.

Жалпы 57 жоба іске асырылуда. Негізінен барлық жоба бойынша желілерді салу 21 жобада, сондай-ақ дайындық және бөлшектеу жұмыстары 31 жобада жүргізілуде. Шымкент қаласында және Қызылорда облысында прокуратура органдары және сот қаулысымен мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу тоқтатылды, - деді Марат Қарабаев.

Өзгелердің жаңалығы