Қазақстанда көкөніс бір жылда 20%-ға қымбаттаған

24 Қаңтар 2023, 12:16
1307
Бөлісу:
Қазақстанда көкөніс бір жылда 20%-ға қымбаттаған

2022 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша жаңа жиналған көкөніс бағасы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 19,2% өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Energyprom.kz-тің дерегінше, баға ең көп өскен өңір Алматы облысы: бір жылда 32,2% қымбаттаған. Одан кейін Түркістан (30,3%) және Ұлытау (27,1%) облыстары. Бір жылда ең аз қымбаттаған өңір Батыс Қазақстан облысы: 4,6%. Еліміздің 20 өңірінің ішінде жаңа піскен көкөніс бағасы тек Павлодар облысында ғана төмендеді: 2,7%.

Қияр (47,9% қымбаттап, килосы 931 теңге), пияз (40,6% қымбаттап, 124 теңге), қызанақ (22,2% қымбаттап, 764 теңге), картоп (11,9% қымбаттап, 155 теңге) қымбаттады, қызылша құны да аздап өсті (1,5% қымбаттап, 235 теңге). Сәбіз 0,8% арзандап, килосы 145 теңге, ақ қауанды қырыққабат 15,2% арзандап, 102 теңге болды.

Көкөніс импортына келер болсақ, 2022 жылғы қаңтар–қазан айларының қорытындысы бойынша ҚР-ға бұрыш импорты айтарлықтай өсті (2,8 есе көбейіп, 28,3 мың тоннаға жетті). Одан бөдек қияр мен корнишон (85,7% көбейіп, 9,4 мың тонна), сарымсақ (76,2% көбейіп, 4,1 мың тонна), бақша дақылдары (73,2% көбейіп, 62,1 мың тонна), ақ қауанды қырыққабат (61% көбейіп, 107,6 мың тонна), қызанақ (45% көбейіп, 56 мың тонна) импорты да артты.

Есесіне картоп импорты төмендеді (31,8% азайып, 47 мың тонна болды), сонымен қатар пияз (11,3% азайып, 196,2 мың тонна), сәбіз (3,4% азайып, 41,1 мың тонна), баклажан (2,6% азайып, 2,3 мың тонна) және қызылша (0,7% азайып, 9,3 мың тонн) импорты кеміді.

Көкөніс экспортында бұрыш (63,6% көбейіп, 1,4 мың тоннаға жетті), қызылша (62% көбейіп, 1,1 мың тонна), бақша дақылдары (56,1% көбейіп 38,4 мың тонна), сәбіз (32,1% көбейіп, 3,6 мың тонна), пияз (31,8% көбейіп, 109,9 мың тонна) және сарымсақ (18,5% көбейіп, 474,5 тонна) экспорты артты.

Қырыққабат, қияр мен корнишон, қызанақ, баклажан экспорты қысқарды.

Көкөністердің негізгі түрлерінің импорты экспорттан бірнеше есе көп екенін атап өткен жөн. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар–қазан айларының қорытындысы бойынша баклажан импорты экспорттан 39,8 есе, бұрыш — 20,5 есе, қырыққабат — 12,4 есе, сәбіз — 11,5 есе, қызылша — 8,8 есе, сарымсақ — 8,7 есе, қызанақ — 3,6 есе, қияр — 2,2 есе, пияз — 1,8 есе, қауын — 1,6 есе өсті. Тек картоп импорты ғана экспорттан 2,9 есе аз болды.

ҚР-да 2023 жылғы маусымаралық кезеңде көкөніс импортының жол картасының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің ресми ресурсы.

Карта көкөністерді дер кезінде әкелу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын өңірлер және сауда желілері бойынша бөлу тәртібін, сондай-ақ желілердің жеткізушілермен шарт жасасуы үшін өңір әкімдіктері арқылы айналым схемалары бойынша бөлшек сауда желілерін қаржыландырудың мерзімдері мен көлемін қарастырады.

Өзгелердің жаңалығы