Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кене белсенділігі кезеңінде халықты қорғауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін іске асыруды жалғастыруда.
Еліміздің барлық эндемиялық өңірлерінде медициналық ұйымдардың дайындығы қамтамасыз етілді, кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуде, қауіп тобына жататын азаматтарды вакцинациялау жалғасуда, иммуноглобулиннің қажетті қоры қалыптастырылып, тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүзеге асырылуда.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, маусым басталғалы бері кене шаққаннан кейін медициналық көмекке 13 мыңнан астам адам жүгінген. Денсаулық сақтау жүйесінің уақтылы ұйымдастырылған жұмысының нәтижесінде жүгінгендердің 90 пайыздан астамы кене энцефалитіне қарсы шұғыл профилактикамен қамтылды.
Жаз мезгілінде табиғи-ошақтық инфекциялардың таралу қаупі дәстүрлі түрде артады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізуде. Біз эпидемиологиялық мониторингті күшейттік, медициналық ұйымдарды иммуноглобулиннің қажетті қорымен қамтамасыз еттік, қауіп тобына жататын адамдарды вакцинациялауды және эндемиялық өңірлерде кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, – деді Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова.
Кене энцефалиті табиғи-ошақтық инфекциялар қатарына жатады және негізінен аурудың табиғи ошақтары орналасқан аумақтарда тіркеледі. Қазақстанда мұндай аумақтарға Алматы қаласы және оның маңайы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары, Жетісу облысы, Абай облысының Көкпекті ауданы, Ақмола облысының Сандықтау ауданы және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы жатады.
Елімізде жыл сайын кене энцефалитінің 24-тен 48-ге дейінгі жағдайы тіркеледі. Биыл зертханалық жолмен аурудың 24 жағдайы расталды, бұл көпжылдық маусымдық көрсеткіштерге сәйкес келеді.