Қазақстанда хиджабқа шектеу енгізіле ме немесе Үкімет жат ағыммен қалай күреседі

7 Қараша 2023, 12:00
1564
Бөлісу:
Қазақстанда хиджабқа шектеу енгізіле ме немесе Үкімет жат ағыммен қалай күреседі
Фото: pixabay.com

Елімізде діни саланы заңнамалық қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр? Қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім киюге шектеулер енгізіле ме? Үкімет басшысы Әлихан Смайылов діни ағымдардың қызметіне қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Мәжілістің пленарлы отырысында бірден үш депутат діни саланы заңмен бақылап, діни радикализмге қатаң тыйым салатын уақыт жеткенін айтып, депутаттық сауал жолдаған еді.

Депутат Ермұрат Бәпи елімізде дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалған айтып, салынып жатқан мешіттер мен храм-шіркеулердің санында шек жоқ екеніне назар аударған еді. Депутаттың сөзінше, үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіттер мен шіркеулер салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордалармен қатар дамуы керек еді.

Бәпи Үкімет заң шығаруға бастама жасаса, депутаттар қолдайтынын айтты.

Ал мәжілісмен Қазыбек Иса діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жеткенін айтты. Депутат атап өткендей, Теріс діни ағымдар ең қымбат - ана деген аяулы атпен қатар аталатын «шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты атаудың мәнін құртты. 

Жақында ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бәпи мен Исаның жолдаған сауалына жауап берген болатын. 

«Қазақ намаз оқитын-оқымайтын деп бөлініп кетті»

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай паранджа киіп, сақалын жалбыратып жүргендер жайлы айтып, Үкіметке жат ағымдарға заңмен тыйым салатын кез келгенін айтып, депутаттық сауал жолдады. 

Көшеде, қоғамдық орындарда қара жамылып, паранджамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды. Соқыр сенімнің, білімсіздіктің, діни фанатизмнің, радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған, құнсыз нысанаға айналып, оққа ұшқан ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының тағдыры бүгінгі қоғамға сабақ болуы тиіс еді. Бірақ біз сабақ алмадық. Қазір қазақты намаз оқитын қазақ, оқымайтын қазақ, мешітке баратын қазақ, бармайтын қазақ, хиджаб киетін қазақ, кимейтін қазақ деп бөліп жардық, - деп айтты депутат.

Оның сөзінше, бұған себеп мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат-ағымдардың тайраңдауына жол берілді. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жия алмай келеміз.

Меніңше, біздің мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақытымыз келді. Еліміздің өнер, спорт, ғылым, білім саласындағы есімі елге мәлім тұлғаларымыз, шығармашылық өкілдеріміз дін мәселесіне өте сергек, асқан жауапкершілікпен қарамасақ, бізге қарап, бой түзеп келе жатқан мыңдаған жастарымызды адастырамыз. Бүгіннің өзінде спорт түрлерінде тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері бар екенін білеміз. Дінді жамылып алып, спортшылардың өміріне өз салттарын кіргізіп әлек. Дәстүрге суарылмаған, білімге бағытталмаған дін – ақымақтың қолына ұстатқан қару секілді, - деп атап өтті депутат Аманжол Әлтай.

Депутат халықты аздыратын осындай шабуылдарға тоқтау, заңмен тыйым салу қажеттігі маңызды екенін айтып еді.

Үкімет мәселені қалай шешіп жатыр?

Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздегі діни ағымдардың қызметіне қатысты Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың сауалына ресми жауабын берді.

Оның сөзінше, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттау, зайырлылық қағидаттарын ілгерілету және ұлттық құндылықтарды нығайту мақсатында дін мәселелері бойынша кешенді ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, азаматтардың әртүрлі санаттарымен кездесулер мен семинарлар тұрақты негізде өткізіледі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жергілікті жерлерде дін мәселелері жөніндегі өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді. Өңірлерде дін мәселелері бойынша 3 049 дәріскерден тұратын 229 топ жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 28 500 іс-шара, оның ішінде жастар арасында 6 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Бұл ретте халықтың дін сауаттылығын арттыру және діни экстремизмнің алдын алу мақсатында жыл сайын «Өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу», сондай-ақ «Діндар әйелдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу» жобалары іске асырылып келеді. Тәжірибелік жұмыста пайдалану үшін әдістемелік ұсынымдар дайындалып, өңірлерге жолданды. Атап айтқанда, «Жергілікті атқарушы органдар үшін діни экстремизмнің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі материалдарды әзірлеу және насихаттау», «Қазақстандағы жаңа діни бағыттардың (ағымдардың) ақпараттық саясатын зерделеу және әрекет ету», - деп айтты Смайылов.

Бұған қоса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында 592 білікті имам мен теолог маманнан құралған республикалық және жергілікті ақпараттық-насихат топтары белсенді қызмет атқарып жатыр.

Өңірлермен түрлі форматтағы 10 238 материал әзірленіп, әлеуметтік желілерде 75 мыңнан астам жарияланым орналастырылып, БАҚ-та 3 310 материал жарияланды.

Интернет-кеңістікте жүйелі түрде діни экстремизмнің алдын алу және қарсы насихаттау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Контентті анықтау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі. Діни тақырыптағы құқыққа қайшы және резонанстық материалдарға ден қоюға көмектесетін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Жұмыс нәтижесінде 97 мыңнан астам деструктивті сипаттағы сілтемелер бұғатталды. Қазақстандық қолданушылар үшін 248 материалға қолжетімділік бұғатталып, ал 2 971 материал жойылды.

Мәлеметке сәйкес, 20 мыңнан астам адам әлеуметтік желілердегі дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттау көздерінен бас тартты. Биылдың басынан бері желілерде экстремистік материалдарды таратқаны үшін 70-ке жуық адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр. Ведомствоаралық үйлестіруді жетілдіру, экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қосымша шаралар кешенін әзірлеу, жеке тұлғаны, қоғамды және мемлекетті зорлық-зомбылық сипатындағы экстремистік көріністерден және терроризм қатерлерінен сенімді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүргізіліп келеді, - деп түсіндірді Әлихан Смайылов.

Туризм және спорт министрлігі Ішкі істер министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Бас прокуратурамен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, спорт саласында деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі.

Ресми жауапта қазіргі заманғы сын-қатерлерді назарға ала отырып, Үкімет деңгейінде жүйелі шараларды талқылау және әзірлеу мақсатында ҚМДБ басшылығымен, сондай-ақ белгілі теологтар мен өңірлік сарапшылар тобымен кездесулер өткізіліп, онда ағымдағы діни ахуал, проблемалар және оларды шешу жолдары талқыланып жатқаны айтылған.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар Премьер-министр діни саланы заңнамалық қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.

Бұл мәселенің қазіргі жағдайдағы өзектілігін ескере отырып, Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда, «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарын енгізу, деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен оңалту жұмысын заңнамалық қамтамасыз ету, діни әдебиеттерді, ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды таратуға мүмкіндік беретін субъектілердің тізбесін әзірлеу, интернет-ресурстар, қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және т.б. жетілдіру бойынша жұмыс атқарылып жатыр, - делінген Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың ресми жауабында.

Аталған түзетулерді талқылау және келісілген шешім әзірлеу мақсатында ҚМДБ-мен, теологтармен, сарапшылар қауымдастығы және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен отырыстар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы