2026 жылғы 7 тамызда Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелді.
Өңірлер бойынша:
- Батыс Қазақстан облысында – 1 өрт;
- Ұлытау ұлттық табиғи паркінде – 1 өрт;
- Көкшетау ұлттық табиғи паркінде – 1 өрт.
Батыс Қазақстан облысындағы өрт ошағын «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мамандары әуе патрульдеуі барысында анықтаған. Өрт туралы хабар түскеннен кейін орман мекемелерінің күштері мен құралдары жедел түрде оқиға орнына жіберілді.
Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе өрт сөндіру десантшылары, сондай-ақ мемлекеттік орман күзетінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Барлық үш өрт қысқа мерзімде толық сөндірілді.
Елімізде аптап ыстық пен найзағайлы фронттардың сақталуына байланысты өрт қаупі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» РМҚК күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Орман алқаптарында әуе және жерүсті патрульдеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.