Алматыда полицейлер синтетикалық есірткіні таратудың ірі арнасының жолын кесті.
Қалалық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түрксіб аудандық полициясының қызметкерлері тыйым салынған заттарды таратты деген күдікпен ер адамды ұстады.
Күдіктінің автокөлігін тінту барысында синтетикалық есірткіге ұқсас зат салынған 135 орама табылды. Сонымен қатар, ұсталған жерге жақын маңдағы жасырын орыннан тағы 35 орама тәркіленді.
Тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде есірткі заттары, электронды таразы және оларды орауға арналған материалдар анықталды.
Тергеу барысында Алматы облысында тағы екі келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленіп, Алматы қаласындағы тағы бір жасырын қойма жойылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті интернет арқылы жұмыс істейтін заңсыз есірткі дүкенінің тапсырмаларын орындап келген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.