Қазақстанда балаларға протездік-ортопедиялық бұйымдар тегін беріледі

28 Қыркүйек 2026, 12:03
АВТОР
 almaty.tv 28 Қыркүйек 2026, 12:03
28 Қыркүйек 2026, 12:03
174
Фото: almaty.tv

Қазақстанда протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж балаларға медициналық көрсетіліміне қарай жеке өлшеммен жасалған бұйымдар тегін беріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, мұндай көмек тірек-қимыл жүйесінде бұзылыстары бар балалардың қозғалысын қолдауға және оңалту нәтижесін жақсартуға бағытталған. Бұйым әр баланың денсаулық жағдайы мен дене бітімінің ерекшелігі ескеріліп дайындалады.

Протездік-ортопедиялық көмектің бір түрі – ортездеу. Ортез дененің белгілі бір бөлігін ұстап тұруға, тұрақтандыруға немесе дұрыс қалыпқа келтіруге көмектеседі. Медициналық көрсетілімге байланысты табанға, тобыққа, тізеге, балтырға, аяққа немесе қолға арналған ортез жасалуы мүмкін.

Балаға қандай бұйым қажет екенін маман тексеруден кейін анықтайды. Одан соң жеке өлшемі алынып, ортез дайындалады. Министрлік ата-аналарға баланың жасына не сыртқы белгілеріне қарап ортезді өз бетінше таңдамауға кеңес береді.

Егер протездік-ортопедиялық көмек алу үшін басқа елді мекенге бару қажет болса, жол шығынын өтеу қарастырылған. Берілген ақпаратқа сәйкес, бұл шығын жылына екі реттен артық өтелмейді. Ұсақ протездік-ортопедиялық құралды алуға барған адамның, сондай-ақ баланы алып барған адамның жол шығыны бір рет өтеледі.

 

Наверх