Қазақстанда азаматтарға негізсіз баюға жауапкершілік енгізіледі

16 Ақпан 2022, 10:38
1812
Бөлісу:
Қазақстанда азаматтарға негізсіз баюға жауапкершілік енгізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты.

Агенттік басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда таныстырды.

Негізсіз баюға жауапкершілік енгізу – декларацияның қисынды жалғасы. Өздеріңіз білесіздер, декларация тапсыру мерзімі кезеңдерге бөлінген. Бірінші кезеңде – мемлекеттік қызметшілер. Олар былтыр кірістерін көрсетті. Енді табыстары мен шығыстарын салыстыру басталады. Екінші кезеңде – 2023-2024 жылдар: мемлекеттік мекемелер мен квазисектордың қызметкерлері. Үшінші кезеңде – 2024-2025 жылдар: заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, - дейді ол.

Сондай-ақ соңғы кезең – 2025-2026 жылдары декларацияны қалған азаматтың барлығы тапсырады.

Содан кейін ғана барша халықтың активтері мен мүлкі туралы белгілі болады. Жауаптылық туралы норма қолданысқа енеді. Ұсынылған шара – бұл халықаралық стандарт. Біріккен ұлттар ұйымының Коррупцияға қарсы конвенциясының негізгі талабы (20-бап). Ол Экономикалық даму ұйымы (ОЭСР), Шығыс Еуропа, тіпті ТМД елдерінде сәтті қолданылады, - деп түсіндірді Марат Ахметжанов.

Айтуынша, 2020 жылы Қазақстан ГРЕКО ұйымының 50-ші мүшесі болды. Бұл ұйымға 48 Еуропа елдері мен АҚШ та кіреді.

ГРЕКО-ның ұсыныстарын орындау Жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Еуропа Кеңесінің Конвенциясын ратификациялауға жол ашады. Өз кезегінде, бұл Конвенция – шетелдегі активтерді елге қайтаруға ықпал етеді. Жалпы алғанда, бұл шара – тек коррупция емес, көлеңкелі бизнес және басқа да қылмыс арқылы табылған жасырын активтерді анықтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, «арам» ақша пайдаланудың мүмкіндігі болмағаннан кейін, заңсыз баю – мәнсіз, мағынасыз болатыны анық, - деп атап өтті Антикор төрағасы Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы