Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ) дәрігерлер командасы Қазақстанда алғаш рет жоғары технологиялық роботтандырылған онкохирургиялық операцияны сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Операция – кеңейтілген лимфодиссекциясы бар нефрэдреналэктомия – онкологиялық аурудың дамыған сатысында өткізілді. Ол зақымданған бүйрек, бүйрек үсті безі және аймақтық лимфа түйіндерін алып тастауды қамтиды.
Бұл бірегей операция жаңа буынның роботтандырылған хирургиялық платформасы – Sage bot SR-2000 көмегімен жасалды. Платформа күрделі клиникалық жағдайларда да аз инвазивті араласуды жүргізуге мүмкіндік береді. Бұрын қолданылған жартылай автоматтандырылған жүйелермен салыстырғанда, Sage bot SR-2000 хирургиялық дәлдік пен бейнелеу сапасын айтарлықтай арттырды. Бұл онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.
Роботтандырылған операцияның негізгі артықшылықтары:
- Қатерлі ісіктің кең таралған түрлерінде емдеу тиімділігінің артуы;
- Тіндерге минималды зақым келтіре отырып, араласу көлемін сақтау;
- 3D-визуализация арқылы операциялық өрістің дәл әрі нақты бейнеленуі;
- Микрохирургиялық құралдардың жоғары маневрлік мүмкіндіктері;
- Операциялық топтың физикалық жүктемесін азайту;
- Пациенттерді қорғаудың интеллектуалды жүйелерінің қолданылуы.
ҚазОРҒЗИ директоры Ербол Жасұланұлы Бекмұхамбетов бұл оқиғаны онкохирургия саласындағы маңызды жетістік деп атап өтті.
Біз озық технологияларды енгізу арқылы ең күрделі клиникалық жағдайларда да пациенттерге жоғары деңгейде көмек көрсетуге ұмтыламыз. Бұл Қазақстандағы онкологиялық емдеудің жаңа кезеңі, - деді ол.
ҚазОРҒЗИ тәжірибесіне роботтандырылған хирургияның сәтті енгізілуі институттың технологиялық көшбасшылық бағытын және қазақстандық пациенттердің заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге деген ұмтылысын тағы бір мәрте дәлелдеді.