Қазақстанда кейінгі үш жылда су үнемдеу технологиялары енгізілген суармалы егістік алқаптарының көлемі үш есе артты. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 миллион гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Мамандардың есебінше, мұндай шаралар жыл сайын 2 миллиард текше метрден астам суды ысырап етпеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы – елдегі суды ең көп тұтынатын салалардың бірі. Суды пайдаланудың басым бөлігі егістік алқаптарын суаруға жұмсалады. Экономика мен ауыл шаруашылығы өндірісі дамыған сайын суға деген сұраныс та артып келеді. Осыған байланысты Үкімет су ресурстарын үнемдеу және суару жүйелерін жаңғырту шараларын қолға алған.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Ербол Салихбаевтың айтуынша, 2026 жылға дейін су үнемдеу технологиялары 543 мың гектар алқапқа енгізілген. Ал 2026 жылы тағы 158 мың гектар жер осындай технологияларға көшкен.
Бұл бағытты қолдау үшін мемлекет үш жылға 200 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырған. Қаржы су үнемдеу технологияларын енгізген шаруалардың шығындарын 80 пайызға дейін өтеуге бағытталған.
Қызылордада тамшылатып суару әдісі қолданылып жатыр
Суармалы алқаптардың басым бөлігі елдің оңтүстік өңірлерінде орналасқан. Қызылорда облысында шаруалар климаттық жағдайға қарамастан, жүгері мен соя өсіруде. Соның бірі – Телікөл ауылындағы шаруа қожалығы.
Үш жыл бұрын шаруашылықтың егістік көлемі 280 гектар болса, қазір 1 000 гектарға жеткен. Алқапта тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Шаруашылық иесі Сәкен Шағыртаевтың сөзінше, бұл әдіс суды тікелей өсімдіктің тамырына жеткізіп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Біздің өңірдің климаттық ерекшелігіне байланысты күн ыстық, кейде салқын болады. Әсіресе көктемгі егіс пен суару кезеңінде суды дұрыс пайдалану маңызды. Тамшылатып суару әдісі суды өсімдіктің тамырына тікелей жеткізеді. Сондықтан бұл – тиімді тәсіл, өнімділігі де жоғары, – дейді шаруашылық иесі.
Су үнемдейтін құрылғылар елде өндіріледі
Қазақстанда су үнемдеу құрылғыларын шығаратын жеті отандық зауыт жұмыс істейді. Олар Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Астана, Қарағанды және Қостанай өңірлерінде орналасқан.
Шаруалар тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерімен қатар, биылдан бастап лазерлік тегістеу технологиясын да қолдана бастаған.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаевтың пікірінше, су үнемдеу технологияларын енгізу Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі еліміздің су ресурстарының бір бөлігі көршілес мемлекеттерден келетін трансшекаралық өзендерге тәуелді.
Біздің еліміз трансшекаралық өзендерге тәуелді. Батыс өңірлеріміз Ресейден келетін суға, оңтүстік аймақтарымыз Қырғызстаннан келетін суға байланысты. Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы туындауы мүмкін. Сондықтан оған қазірден бастап дайындалуымыз керек. Тамшылатып суару технологиясы кеңінен қолданыла бастады. Бұл әдіс алғашында тұщы су қоры тапшы Израильде пайда болған. Қазір елімізде де жақсы нәтиже көрсетіп отыр, – дейді профессор.
Мамандар су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу ауыл шаруашылығының суға тәуелділігін азайтуға мүмкіндік беретінін айтады. Ал 2030 жылға қарай су үнемдеу жүйелері енгізілген алқаптарды 1,3 миллион гектарға жеткізу көзделген. Есеп бойынша, бұл жыл сайын 2 миллиард текше метрден астам суды үнемдеуге жол ашады.