Жиында өңірлердің 2026–2027 жылдардағы қысқа дайындығы мен алдағы көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері қаралды.
Биыл елімізде су тасқынына қарсы бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, 119,4 шақырым қорғаныс бөгеттері мен үйінділері салынып, жөнделіп, нығайтылды. Сондай-ақ 156 шақырым дренаж жүйесі қалпына келтіріліп, жаңадан салынды. Автомобиль және теміржолдардың астындағы 299 су өткізу нысаны орнатылды немесе ауыстырылды.
Әсіресе Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы жағдайға басымдық берілді. Бұл аймақтарда әлі де бірнеше елді мекенді су басу қаупі бар. Осыған байланысты жоспарланған инженерлік жұмыстарды мерзімінде аяқтау қажеттігі айтылды.
Қанат Бозымбаев барлық дайындық шараларын қыс түскенге дейін аяқтауды тапсырды.
Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Алайда барлық дайындық жұмыстарын қыс басталғанға дейін аяқтау қажет, – деді ол.
Вице-премьер әкімдіктерге су тасқынына қарсы шұғыл жұмыстарды аяқтап, қорғаныс нысандарын нығайтуды, су бұру арналары мен жол инфрақұрылымын әзірлеуді міндеттеді.
Ал Су ресурстары және ирригация министрлігіне су қоймаларының жағдайын тұрақты бақылау тапсырылды. Қазгидромет 2027 жылғы ақпанға дейін әр өңір бойынша су тасқыны қаупіне қатысты егжей-тегжейлі гидрологиялық болжам әзірлеуі керек. Бұдан бөлек, "Тасқын" ақпараттық жүйесін жаңғырту көзделген.
Кеңес соңында Төтенше жағдайлар министрлігіне құтқару қызметтерінің, материалдық резервтердің және эвакуациялық пункттердің дайындығын тексеру үшін республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізу тапсырылды.