Қазақстан және Ресейдің жылқы өсірушілері Ертіс өңірінде бас қосты

8 Қазан 2024, 20:18
274
Бөлісу:
Қазақстан және Ресейдің жылқы өсірушілері Ертіс өңірінде бас қосты
Фото: Торайғыров университеті

Қазақстан мен Ресейдің жылқы өсірушілері Павлодар облысының Май ауданында бас қосып, саланың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

«Қазақстанның және көршілес мемлекеттердің табын шаруашылығындағы заманауи инновациялық технологиялар» атты халықаралық конференцияға ғылыми қауымдастық пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер де қатысты.

Басты мақсат – отандық ғалымдар мен жылқы өсірушілер жүргізген селекциялық жұмыстардың нәтижелерін көрсетіп, табын шаруашылығына жаңашыл инновацияларды енгізу.

Торайғыров университеті бірнеше жыл бойы Қазақстанның жылқы өсірушілер қауымдастығымен жемісті еңбек етіп келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ғылым саланы дамытуға көмектесе алатынын түсініп, біздің зерттеушілермен тұрақты байланыс орнатқан. Бизнес пен ғылыми қауымдастық арасындағы серіктестік осындай болу керек. Сонда біз ортақ жұмыстың тиімділігін көреміз, - дейді Торайғыров университеті ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Ержанов.

Мамандардың айтуынша, шаруашылықты барынша дамыту үшін экспортқа бағытталған жылқы еті өнімдері технологиясын жетілдіріп, жануарлардың жаңа генотиптерін шығару қажет. 

Сонымен қатар, жылқыларды түрлі климаттық жағдайда бағу тақырыбына басымдық берілді. Шаруалардың пайымдауынша, қолда бар түлікті сапалы тұрғыдан іріктеу үшін жылқы малын өзгермелі климатқа бейімдеу маңызды.

Айта кетейік, бұл – дәстүрлі шара. Облыста жыл сайын жылқы басы шамамен 250 мыңға дейін өседі. Май, Баянауыл аудандары мен Екібастұз қаласының ауылдық аймағы көш басында. Бұл аудандарға өңірдегі жылқы басының 50%-ы келеді.

Өзгелердің жаңалығы