Қазақстан Ұлттық банкі құрамында сирек металл бар күмістен жасалған «Nb (ниобий)» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Оларды 2026 жылғы 12 қазаннан бастап Ұлттық банктің интернет-дүкенінен сатып алуға болады.
Монеталар «Қазақстанның жер қойнауы» сериясына кіреді. Олар Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Бір монетаның жалпы салмағы – 32,8 грамм. Оның ішінде 31,1 грамы – күміс, ал 1,7 грамы – ниобий. Диаметрі – 38,61 миллиметр, сапасы – proof. Монетаның номиналы – 1 000 теңге, ал сату бағасы – 53 мың теңге. Таралымы 1 000 данамен шектелген.
Ниобий – атомдық нөмірі 41 болатын сирек металл. Ол металлургияда, электроникада, аэроғарыш және атом өнеркәсібінде қолданылады. Металлдың атауы ежелгі грек мифологиясындағы Танталдың қызы Ниобаның есімінен шыққан.
Ұлттық банктің еске салуынша, коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында барлық төлем түрі бойынша номиналды құнына сай қабылдануға міндетті. Сондай-ақ оларды еліміздің барлық банктерінде банк шоттарына ақша аудару, төлем жасау, ұсақтау және айырбастау үшін пайдалануға болады.