Қазақстан цифрландыру бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр, алайда азаматтарды тарту деңгейі әлі де төмен

Елдің ең мықты тұстары – eGov жүйесінің дамуы мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы.

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Кеше 2026, 20:22
Кеше 2026, 20:22
137
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Дүниежүзілік банк бағалайтын GovTech Maturity Index индексі бойынша Қазақстан «А» тобына кіреді. Бұл – мемлекеттің цифрлық жетілу деңгейі ең жоғары елдер санаты. Индексте нақты орындар көрсетілмейді, алайда Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылар қатарында қалып отыр.

Ел цифрлық мемлекеттік қызметтер мен базалық мемлекеттік жүйелер бағытында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл eGov жүйесінің дамуы мен ақпараттық жүйелердің тиімді интеграцияланғанын дәлелдейді.

Сонымен қатар, министрлік мәліметінше, цифрлық басқаруға азаматтарды тарту көрсеткіші салыстырмалы түрде төмен. Бұл бағыт Қазақстан үшін негізгі сын-қатерлердің бірі болып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексі (EGDI) бойынша 2024 жылдың қорытындысында Қазақстан 193 елдің ішінде 24-орынға ие болып, даму деңгейі өте жоғары мемлекеттер тобына кірді. Ел ТМД мемлекеттері арасында көшбасшылардың бірі саналады. Ең күшті көрсеткіш – онлайн қызметтер деңгейі (OSI), бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемнің үздік ондығына кіреді. Соңғы кезеңде рейтингтегі өсімге телекоммуникациялық инфрақұрылымның (TII) айтарлықтай жақсаруы негізгі үлес қосты. Ал адам капиталы факторы (HCI) салыстырмалы түрде тежегіш болып қалып отыр, – деп редакцияның ресми сауалына жауап берген Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің БАҚ-пен және қоғаммен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Айнұр Әлмұханова.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан үшін келесі халықаралық индекстер аса маңызды: БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексі; Дүниежүзілік банктің GovTech жетілу индексі; Халықаралық электр байланысы одағының жаһандық киберқауіпсіздік индексі; IMD цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингі; үкіметтердің жасанды интеллектті енгізуге дайындығы индексі; телекоммуникациялық инфрақұрылым индексі және ICT Development Index; Speedtest Global Index.

Аталған индекстер министрлік үшін негізгі бағдар болып табылады, себебі олар цифрлық дамудың барлық маңызды бағыттарын қамтиды: инфрақұрылым мен киберқауіпсіздіктен бастап, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен жасанды интеллект сияқты озық технологияларды енгізуге дейін, – деп атап өтті Айнұр Әлмұханова.

 

Наверх