Қазақстан суретшілерінде құқықтық мәртебе де, қолдау да жоқ – депутат

23 Мамыр 2024, 11:51
127
Бөлісу:
Қазақстан суретшілерінде құқықтық мәртебе де, қолдау да жоқ – депутат
Фото: BAQ.KZ - архив

Біздің еліміздің кәсіби суретшілері жұмысқа орналасуда ұдайы қиындықтарға тап болып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олар мемлекеттік қолдау бағдарламасына қол жеткізе алмайды және әлеуметтік кепілдіктер де жоқ. Сенатор Амангелді Толамисов өзінің депутаттық сауалында кәсіби суретшілер заңды түрде мойындалмағаннан кейін көптеген проблемаға душар болатыны туралы айтты.

Парламентшінің айтуынша, депутаттар 2022 жылы мәдениет туралы заңға «өнер», «суретші», «мүсінші», «қолданбалы өнер шебері», «қолөнерші» және т.б. ұғымдарды толықтыруға ұсынған болатын. Алайда, мемлекеттік органдар бұл терминдер «шығармашылық қызметкер» және «шығармашылық қызмет» ұғымдарымен қамтылған деп есептегендіктен бұл түзетулер қолдау таппады.

Бізде кәсіби суретшілерді дайындайтын түрлі оқу орындары бар, алайда олар кейіннен кәсіби мәртебеден айырылады. Нәтижесінде, біздің еліміздің кәсіби суретшілері жұмысқа орналасу кезінде заңды танылуда қиындықтарға тап болады. Олардың мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Суретшінің кәсіби мәртебесінің белгісіздігіне байланысты олардың қызметінен түскен табысқа салық салу реттелмеген, жеңілдік немесе арнайы шарттары жоқ. Сондай-ақ, суретшілердің мемлекеттік бағдарламалар арқылы халықаралық жобаларға қатысуы реттелмеген, бұл осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан «суретші» мамандығының анықтамасы еліміздің құқықтық саласына қайта оралуы керек деп санаймыз, - деді Амангелді Толамисов.

Сенатор сонымен қатар мектеп бағдарламасында «бейнелеу өнері» пәнінің жоқтығын да атап өтті. Бұл балалардың дамуына теріс әсер етеді. Өнер шығармашылық ойлау мен қиялды ынталандырады, сезімдер мен эмоцияларды білдіруге көмектеседі, сын көзқараста ойлауды дамытады, ұсақ моториканы жақсартады және мәдени алуандықпен таныстырады. Бұл пәнді оқу бағдарламасына қайтару балалардың интеллектуалды, эмоционалды, әлеуметтік және физикалық дамуында маңызды рөл атқарады, бұл болашақ ұрпақ пен ұлттық тұтастық үшін маңызды.

Сенатор осыған байланысты суретші мамандығына ресми мәртебе беру және «бейнелеу өнері» пәнін мектеп бағдарламасына қайтару үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Еске салсақ, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет саласында жұмыс істеп жүрген барлық қызметкерді патриот деп санайтынын айтты.

Өйткені мәдениет саласында елдің рухын көтеріп, тіктеп жүрген азаматтар қандай қиын-қыстау заман болса да әрқашан өздерінің жігерімен, өнерімен жақсы жетістіктерге жетелеп жүрген үлкен патриот тұлғалар. Сондықтан мен ол кісілердің дендеріне саулық, шығармашылық табыс тілеймін. Әрқашан да еңбектері еленіп, жана берсін, – деп құттықтады ол.

Сондай-ақ Аида Балаева мәдениет саласының дамуы әлі алда деп сендірді.

Мемлекет басшысымыз әрқашан да бұл салаға өте үлкен назар аударып, оның дамуына үлкен септік жасап келе жатыр. Сондықтан, менің ойымша, біздің саланың қарқынды дамуына барлық мүмкіндік бар. Сондықтан даму әлі алда, – деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да жалақы мөлшерінің төмендігі – мәдениет саласындағы ең өзекті мәселе екенін айтқан болатын.

Мәдениет қызметкерлерін қаржылық-материалдық ынталандыру тақырыбы біздің министрліктің күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып қала бермек. Жалақы мөлшері саладағы өткір мәселелердің бірі болғандықтан ғана емес. Мемлекет және ең алдымен, ел Президенті бұл бағытта тоқыраудың алдын алу үшін бар күшін салып жатыр, - деді ол.

2023 жылы 64 мыңға жуық мәдениет және архив ісінің қызметкерлерінің жалақысы 45%-ға көтерілді. Алайда аталған мәселе күн тәртібінен түскен жоқ.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдауды күшейтіп, шығармашылық ұжымдардың еңбегін бағалауға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізген еді.

Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, мәдениет саласының өкілдері халықтың рухани қалқаны болуға тиіс. Сондай-ақ Президент олардың жас ұрпақты жасампаздыққа, жаңашылдыққа үйретуге, бірлікті нығайтуға, өнімді еңбек етуге баулуға белсене атсалысатынына сенім білдірді.

Сіздер мәдениет пен өнер жолына адал болып, қажырлы еңбек етіп келесіздер. Оған бүкіл ел куә. Өнер адамы үшін ең құнды марапат – халықтың ыстық ықыласы. Мен төл мәдениетімізді дамытуға мол үлес қосып жүрген бір топ азаматты марапаттау туралы шешім қабылдадым. Мәдениет саласында ерекше орны бар 7 іргелі ұжым биыл мерейлі белеске жетіп отыр. Сондықтан бүгін негізінен осы мекемелердің қызметкерлеріне жоғары мемлекеттік марапат тапсыруды жөн көрдім, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы