Қазақстан шекарасындағы 37 өткізу пункті жаңартылады: Жұмысты аяқтау мерзімі аталды

4 Қараша 2026, 19:49
АВТОР
 gov.kz 4 Қараша 2026, 19:49
4 Қараша 2026, 19:49
206
Фото: gov.kz

Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар шекарадағы өткізу қабілетін арттырып, жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап беру кезінде мәлімдеді.

Көлік дәліздерін дамыту және шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту – Мемлекет басшысы алға қойған негізгі міндеттердің бірі.

Қазіргі уақытта 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Оны келесі жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін мемлекеттік шекарадан бастап халықаралық автомобиль дәліздерінің бүкіл бойында жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңғырту жұмыстары Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін қамтиды.

Үкіметтің мәліметінше, қазір Қазақстанның автомобиль жолдарының бойында 1 465 жол бойындағы сервистік нысан жұмыс істейді. Соңғы үш жылда олардың қатары 221 нысанмен толыққан.

Олардың қатарында жанармай құю станциялары, қонақүйлер, дүкендер және техникалық қызмет көрсету станциялары бар кешендер қарастырылған.

Көлік ағынының артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі де күшейіп келеді.

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстан аумағы арқылы өтетін теміржол транзитінің көлемі 15 пайызға артып, 33,8 миллион тоннаға жетті.

Жалпы, көлік саласында 712 миллион тонна жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайызға жоғары.

Ал жолаушылар тасымалы 3,4 пайызға өсіп, 1,5 миллиард адамды құрады.

Наверх