Қазақстан құрамасының сәтті ойнауының себебі неде?

27 Наурыз 2023, 20:28
1135
Бөлісу:
Қазақстан құрамасының сәтті ойнауының себебі неде?
Фото: Ермұхамед Мәуленнің Facebook парақшасынан

Танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Қазақстан футбол командасының жеңіске жетуіне себепші болған бірнеше факторды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның сөзінше, күллі Қазақстан жұрты ұлттық құраманың ойынымен мақтанып жүр. Команданың жеңіске жетуіне ең әуелі футбол федерациясы президентінің ауысқаны себеп болды.

Қазақстан құрамасы бір жылда түбегейлі қалай өзгеріске ұшырады? Бірінші себеп әлбетте Қазақстан футбол федерациясының президентінің ауысқаны. Көп жылдар бойы Әділбек Жақсыбеков басқарған ұйымға Әділет Бәрменқұлов келді. Сайлауда жеңіске жетіп, ел футболының тізгінін өз қолына алды. Бұл кезде ұлттық құрама Ұлттар лигасының Д лигасына түсіп қалудың аз алдында тұрған. Өтпелі матчта Молдованы жеңген соң, ҚФФ президенті Магомед Адиевті бас бапкер ретінде тағайындап, күрделі өзгеріс жасады. Құраманың әр ойынына барып, команда ішінде өзі де жүрді. Футболшыларға мотивация сыйлап, жеңіске жігерлендірді. Осының арқасында Қазақстан құрамасы нағыз командаға айналды. Бұл басты себептің бірі, - деп жазды ол Faceook-тегі парақшасында.

Ермұхамед Мәулен айтып өткендей, Магомед Мұсаұлының командаға әңгімесі жарасатын, ішкі атмосфераны құртпайтын ашық-жарқын футболшыларды алуы - екінші себеп. Бұл ретте бапкер жеке ойыншыларға емес, түбегейлі командаға сенді.

Әйтпесе, шеберлігі сәл де болса жоғары ойыншылар бар. Алайда, футболда жалғыз адам ештеңе өндіре алмайды. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, бапкер жеке ойыншыларға емес, түбегейлі командаға сенді. Соған баса назар аударды. Командаға келіп іріткі салып, мен неге ойнамаймын, ол неге маған пас бермейді деп бүлік шығарғандарды бірден аластатты. Сосын, жеке клубта жақсы ойнап, ұлттық құрамада барын салмайтын аяқдопшыларға шығатын есікті көрсетті. Міне, осыдан кейін командалық рух пайда болды. Иә, Магомед Әдиев Мауриньо секілді ғаламат тактик бапкер емес шығар, алайда ол команданы бір идеяға жұмылдыра алатын, сенімі мол адам. Егер бапкер өзі сенбесе, шәкірттері жеңіске қайдан сенсін?!, - деп атап өтті ол.

Спорт комментаторы үшінші себепке де тоқталды. Оның ойынша, үшінші себеп - команда жанкүйерлерінің қолдау білдіруі.

Үшіншіден, жанкүйердің қолдауы. Ұлттар лигасындағы жарыста Қазақстан құрамасына қолдау білдірген фанаттардың сол кезде қарасы көп емес еді. Словакия, Әжербайжан, Белорусь құрамаларын жеңген сайын күллі қазақ елі Қазақстан құрамасына қолдау білдіре бастады. Хейтерлер қолдаушыға айналып, ұзақ жылдар бойы жүрегінде сөніп қалған жанкүйерлік отты қайта тұтатты. Соңғы екі ойынымызда «Астана Арена» лық толы болды. Телекөрсетілімнің де рейтингтері аспанға ұшып тұр. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, аяқдопшыларымыздың ерлегі жазылған әдемі посттар. Міне, бұның өзі де үлкен себеп. Егер ұлттық құрама команда болып біріге алса, айрандай ұйыған ұжым ретінде қалыптасса, онда мұқым қазақ футбол жанкүйері де бір тудың астына бірігуі тиіс, - деді Мәулен.

Ол кешегі матчты тіпті ресейлік тілшілер жарыса жазғанын айтты.

Олардың біршамасы кешегі ойында жұмыс істеді. Өйткені, өз елдерінде мұндай футбол мерекесі жоқ. Өзбекстанның басты спорт арнасы тікелей эфир көрсетті. Жарты миллион оқырманы бар әлем футболы туралы жазатын порталдар Абаттың баспен салған голына тамсанды. Ал Асхат Тағыбергеннің голы УЕФАның ресми парақшасында тұр. Шамасы бұл гол 2-турдың үздік голы болатын шығар. Міне, футбол күллі бір ұлтты ұйыстыратын, барша Қазақстанды бірлестіре түсетін, бірлікті нығайта алатын құралға айналды. ҚФФ басшылығы, бапкерлер, футболшылар, жанкүйер қауым біріксе алынбас қамал жоқ. Қазақстан құрамасына сәттілік жолдас болып, сенсациялар сериясын жасауы осының айғағы, - деп түйіндеді сөзін журналист.

Айта кетейік, кеше футболдан ЕУРО 2024 іріктеу матчы аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Дания құрамасын 3:2 есебімен жеңді.

Өзгелердің жаңалығы