Қазақстан құрамасы халықаралық география олимпиадасында екінші орын алды

Байқауға 50 елден 184 оқушы қатысты.

 Оқу-ағарту министрлігі 18 Тамыз 2026, 08:22
18 Тамыз 2026, 08:22
127
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан құрамасы Ыстамбұлда өткен IGeO 2026 халықаралық география олимпиадасында 2 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орынға ие болды.

Қостанайдағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Андрей Енбахтов алтын медаль иеленіп, жеке есепте абсолютті чемпион атанды. Ол олимпиадада қатарынан екінші жыл алтын медаль жеңіп отыр.

Жетісу облысындағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы Бекбол Дарын да алтын медаль алып, жеке есепте 9-орынға тұрақтады.

Шығыс Қазақстан облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Амир Дарынов пен Алан Козленко күміс медаль жеңіп алды. Осылайша, Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де олимпиада жүлдегері атанды.

Халықаралық олимпиада 11-17 тамыз аралығында Ыстамбұлда өтті. Байқауға 50 елден 184 оқушы қатысты.

Қазақстан IGeO олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде қазақстандық оқушылар 7 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль жеңіп алған.

Наверх