Қазақстандағы 15 жастағы оқушылардың өмірге қанағаттану деңгейі 10 балдың ішінде орта есеппен 8,63 балды құрады. Осы көрсеткіш бойынша еліміз PISA-2025 халықаралық зерттеуіне қатысқан 83 елдің арасында бірінші орынға ие болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы буллинг деңгейі де Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда төмен. Елімізде бұл көрсеткіш 9 пайыз болса, ЭЫДҰ елдерінде 20 пайызды құраған.
Сонымен қатар мектептердегі психологиялық қызметті жаңғырту жұмыстары басталды. Балалардың мазасыздық, күйзеліс, зорлық-зомбылық, буллинг, депрессия және суицидтік ниет белгілерін ерте анықтауға арналған үш деңгейлі бірыңғай диагностика жүйесі қалыптастырылды. Жүйе педагог-психологтер қолданатын 7 бастапқы, 6 тереңдетілген және 7 проективтік әдістемені қамтиды. Бекітілген әдістемелер бірыңғай цифрлық платформаға біріктірілген, - деп айтты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Бұдан бөлек, педагог-психологтерге 5-8 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курсын өткізу үшін аптасына 0,25 сағат, ал 9-11 сыныптар үшін 0,5 сағат оқу жүктемесі бөлінді.
Алайда мектептердегі психологиялық қолдау инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігі әлі де бар. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарының тек 41 пайызында ғана педагог-психологтерге арналған жабдықталған жеке кабинеттер қарастырылған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиадаларда 1 067 медаль жеңіп алды.