Қазақстан – Молдова: Ұлттық құрама матч алдындағы жаттығуын бастады

1 Қазан 2026, 17:36
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 1 Қазан 2026, 17:36
1 Қазан 2026, 17:36
172
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Астана-Аренада Қазақстан құрамасының Молдоваға қарсы матчы алдындағы жаттығуы басталды. Кездесу қарсаңындағы баспасөз мәслихатында ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Джон ван ’т Схип қарсыластың қорғаныстағы ойынына тоқталып, өз алаңында команда басқа футбол көрсетуі керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының алғашқы екі матчын сырт алаңда өткізді. Алдымен Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең түскен ұлттық құрама кейін Словакиядан 1:2 есебімен жеңілді.

Бас бапкердің айтуынша, осы екі кездесуде команда өзінің ойын жүйесінің негізін қалыптастырған.

Қонақта өткен екі ойыннан кейін өзіміздің фундаментімізді, яғни ойынымыздың жүйесін қалыптастырдық деп айта аламыз. Фарерге қарсы ойнау оңай болған жоқ. Одан кейін Словакияға қарсы қонақта ойын өткіздік. Соған қарамастан өз құрылымымызды, жүйемізді соңына дейін сақтадық. Ертең Молдоваға қарсы осы уақытқа дейін жинаған дүниенің барлығын көрсетуге және сәтті ойнауға тырысамыз, – деді Джон ван ’т Схип.

Бас бапкер Молдова құрамасының қорғаныстағы ойынына да тоқталды. Оның сөзінше, қарсылас доптан айырылған кезде оны жылдам қайтаруға тырысады және шабуылда да қауіпті сәттер жасай алады.

Молдоваға қарсы басқа ойын болады. Біз өз алаңымызда, өз жанкүйерлеріміздің алдында ойнаймыз. Сондықтан, әрине, басқа футбол көрсетуіміз керек, – деді ол.

Джон ван ’т Схип Молдованың Словакияға қарсы кездесуін де мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, команда қорғаныста тәртіпті ойнайды әрі шабуылда қауіпті.

Олар қорғаныста жақсы ойнайды. Словакияға қарсы ойында да мұны көрсетті. Фарер аралдарына қарсы гол соқты, қақпа маңдайшасына тигізді. Сондықтан ертең біз барынша дайын болуымыз керек, – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері.

Айта кетейік, Қазақстан мен Молдова арасындағы Ұлттар лигасының матчы 2 қазанда Астана-Аренада өтеді. Алғашқы екі турдан кейін екі команда да бір ұпайдан жинаған.

 

Наверх