Қазақстан мен Қытай газ тасымалдау кезінде көміртегі шығарындыларын 16,5%-ға азайтты

20 Қараша 2026, 16:12
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 20 Қараша 2026, 16:12
20 Қараша 2026, 16:12
109
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан мен Қытай бірлесіп пайдаланатын «Орталық Азия – Қытай» магистральдық газ құбырының А, В және С желілері бойынша газ тасымалдаудың көміртегі сыйымдылығы соңғы төрт жылда 16,5%-ға төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соның нәтижесінде технологиялық қажеттіліктерге жұмсалатын 46,5 млн текше метр газ үнемделіп, көмірқышқыл газының шығарындылары шамамен 100,4 мың тоннаға қысқарған. Бұл туралы Астанада өткен «Энергетикалық артериялар және жасыл даму» семинарында айтылды.

Назарбаев университетінде өткен семинарда газ тасымалдау инфрақұрылымының экологиялық тиімділігін арттыру, мұнай-газ саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ энергетикалық нысандарды басқарудың жаңа тәсілдері талқыланды.

«Азиялық Газ құбыры» ЖШС бас директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Чжао Фань компания үшін экологиялық тиімділікті арттыру жұмыстың тұрақты бағытына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, құбыр инфрақұрылымын пайдалану кезінде энергия тұтынуды оңтайландыру, мониторинг пен басқару жүйелерін жетілдіру және озық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Мұнай-газ саласына жасанды интеллект енгізіледі

Семинарда саланы цифрландыру және үлкен тілдік модельдерді пайдалану мүмкіндіктеріне де назар аударылды.

Қытай мұнай университетінің (Бейжің) профессоры Гун Цзин мұнай мен газды сақтау және тасымалдау саласында үлкен тілдік модельдерді қолдану мүмкіндіктерін таныстырды. Ал Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының мұнай-газ құбыр жүйелері департаментінің аға сарапшысы Мерген Жақсылықов мұнай-газ секторын цифрландыру перспективалары туралы баяндады.

Сонымен қатар «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин Қазақстандағы құбыр көлігінің даму тарихы мен алдағы мүмкіндіктеріне тоқталды.

Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық ынтымақтастығы шамамен үш онжылдықтан бері жалғасып келеді. Қазіргі уақытта төрт бірлескен кәсіпорын жалпы ұзындығы 7 591 шақырым болатын алты мұнай және газ құбырын пайдаланады.

Олардың қатарында «Орталық Азия – Қытай» газ құбыры, «Қазақстан – Қытай» және «Атырау – Кеңқияқ» мұнай құбырлары, сондай-ақ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбыры бар.

CNPC Central Asia Ltd. бас директорының орынбасары Гао Биннің айтуынша, алдағы ынтымақтастық инфрақұрылымды дамытуды, заманауи технологияларды енгізуді және жұмыс тиімділігін арттыруды көздейді.

Айта кетейік, CNPC корпорациясы Қазақстанда 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияның мәліметінше, мұнай-газ жобалары аясында 22 мыңнан астам тікелей жұмыс орны құрылып, қазақстандық мамандардың үлесі 98%-ға жеткен. Ал жанама жұмыспен қамту көлемі шамамен 90 мың адамға бағаланады.

Семинар аясында Назарбаев университетінде «Жібек жолының энергетикалық артериялары фотокамера объективінде» атты фотокөрме де ашылды. Экспозиция Қазақстан мен Қытайдың құбыр көлігі саласындағы жиырма жылдан астам ынтымақтастығын, энергетикалық инфрақұрылым құрылысы мен оны пайдалану кезеңдерін бейнелейді.

Наверх