Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасына қол қою рәсімі өтті.
Аталған Жол картасы Қазақстан Президентінің 2025 жылы 14-15 қараша күндері Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзіндегі жалғасы ретінде қабылданды. Құжатқа өнеркәсіп, мұнай химиясы, логистика, металлургия, агроөнеркәсіп кешені, туризм және «жасыл» энергия салаларын қамтитын жаңа жобалар енді, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгін Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті.
Кеңейтілген форматтағы кездесуге бақылаушы мемлекеттердің өкілдері келді. Атап айтқанда, жиынға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса қатысты.