Қазақстан Елшісі Тимур Оразаев Литва Көлік және коммуникация министрі Мариус Скуодиспен кездесіп, екі ел арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиналғандар М. Скуодистің 2022 жылғы маусымдағы Қазақстанға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын, халықаралық тасымалдау бойынша Қазақстан-Литва бірлескен комиссиясының жұмысын, сондай-ақ биылғы маусым айында Клайпеда мен Вильнюске логистикалық бизнес пен мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын қазақстандық делегацияның сапарына дайындық барысын қарастырды.
Елші Қазақстан Үкіметінің көлік инфрақұрылымын, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы, сондай-ақ халықаралық жүк тасымалы саласындағы цифрландыру туралы айтты.
Литва министрі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына сапары барысында Қазақстан-Қытай шекарасындағы логистикалық орталықтың жұмысымен ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның Шығыс-Батыс бағыты бойынша жүктерді тасымалдаудағы әлеуетімен де танысқанын атап өтті.
Литва ТХКБ арқылы жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүдделі, өйткені бұл Солтүстік бағыт бойынша жүктерді жеткізумен салыстырғанда экономикалық жағынан тиімді және жылдамырақ.
Сонымен бірге, Қазақстан мен Еуропа елдеріндегі жүк тасымалдаушылардың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында аталған көлік дәлізінің инфрақұрылымы одан әрі дамуды талап етеді.
М. Скуодис таяуда Париждегі Халықаралық көлік форумы (ITF) хатшылығында өткен кездесуде Транскаспий бағытын «Орта дәлізбен» және басқа да еуропалық логистикалық бағыттармен байланыстыру мүмкіндігін ұсынғанын айтты. Сонымен бірге, ол биылғы мамыр айында ITF төрағалығын қабылдағаннан кейін Литва бұл идеяны үкіметаралық ұйым алаңында белсенді түрде насихаттайтынына сендірді.