Қазақстан мен Кувейт қазақстандық ет өнімдерін жеткізуді кеңейту мәселесін талқылады

Қазақстан тарапы еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық әлеуетін таныстырып, Кувейттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және сапалы өнімді тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

 gov/kz 30 Қазан 2026, 08:52
30 Қазан 2026, 08:52
210
Фото: gov/kz

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Кувейтке жұмыс сапары аясында Кувейттің тікелей инвестицияларды ынталандыру басқармасының (KDIPA) бас директоры шейх Мишааль Ас-Сабахпен және ірі кәсіпкер шейха Ухуд Ас-Сабахпен кездесті. 

KDIPA басшылығымен өткен кездесуде тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Әсіресе азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік сектордағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.
 

Қазақстан тарапы еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық әлеуетін таныстырып, Кувейттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және сапалы өнімді тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі екені айтылды.

Кувейт тарапы бұл бағыттағы практикалық жұмыстарды жалғастыруға қызығушылық білдірді. Тараптар отандық өндірушілердің мүмкіндіктерімен танысу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаумен айналысатын кувейттік компаниялар өкілдерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға уағдаласты.

Шейха Ухуд Ас-Сабахпен кездесуде қазақстандық ет өнімдерін Кувейтке жеткізуді кеңейту перспективалары талқыланды.

Кувейт тарапы бұған дейін өз командасының Қазақстанға жасаған сапарына оң баға берді. Сол сапар барысында қазақстандық өндірушілермен тікелей байланыстар орнатылған. Сонымен қатар кувейттік тарап жақын арада Қазақстаннан ет өнімдерін жеткізуді бастауға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Арман Исағалиев Қазақстанның отандық өндірушілер мен кувейттік бизнес өкілдері арасындағы тікелей ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Наверх