Қазақстан мен АҚШ жыл қорытындысын жасады

7 Желтоқсан 2022, 21:33
5837
Бөлісу:
Қазақстан мен АҚШ жыл қорытындысын жасады

Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен АҚШ Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лудың тең төрағалығымен Кеңейтілген стратегиялық серіктестік комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сындарлы және сенімді пікір алмасу барысында тараптар 2022 жылдың бірлескен жұмыстың қорытындыларын қарастырып, Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту жоспарларын белгілеп, саясат, қауіпсіздік, сауда және инвестиция, сондай-ақ адами өлшем салаларындағы екіжақты басымдықтарының ортақтығына назар аударды.

Қазақстандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құру жөніндегі күн тәртібіндегі міндеттерді кешенді түрде жүзеге асыруды қамтамасыз етудегі табандылығын атап өтті. Өз кезегінде америкалық тарап Қазақстандағы демократиялық реформаларға практикалық көмек көрсетуге нық ниетін қуаттады.

Тараптар Джексон-Вэник түзетуінен бас тартудың және Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында тұрақты қалыпты сауда қатынастарын орнатудың маңыздылығын атап өтті, бұл сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай серпін береді.

Комиссия жұмысының қорытындылары бойынша тараптар КССК Бірлескен мәлімдемесін қабылдады.

Қ.Омаровтың сапары барысында АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшылығымен өткен кездесулер екі ел арасындағы саяси диалогты жандандыруға екі жақтың да ұмтылысын атап өтті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының Халықаралық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау жөніндегі көмекшісі Элиот Кангпен және Энергетика министрінің көмекшісі Эндрю Лайтпен өткен келіссөздер тараптардың жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атом энергетикасын дамытудағы тұрақтылық және ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз етудегі практикалық өзара іс-қимылына арнады. Тараптар халықаралық ұйымдар мен режимдер шеңберінде күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы туралы келісті, сондай-ақ Мемлекет басшысының Халықаралық биоқауіпсіздік агенттігін құру туралы бастамасын жүзеге асырудың тәсілдерін егжей-тегжейлі талқылады.

Қ. Омаровтың АҚШ Сауда өкілінің көмекшісі Кристофер Уилсонмен кездесуі қазақстандық тауарлардың америкалық нарыққа қол жеткізуін қамтамасыз ету, зияткерлік меншік құқығын қорғау, цифрлық коммерцияны дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Конгрестің Өкілдер палатасы Халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары Майкл Макколлмен кездесуде тараптар стратегиялық серіктестікті арттыру үшін парламентаралық байланыстардың маңыздылығын атап өтті.

Сапар барысында қазақстандық дипломат Джордж Вашингтон университетінде өткен «Орталық Азия: XXI ғасырдағы энергия көзі» зерттеуінің тұсаукесерінде де бас спикер болды.

Өзгелердің жаңалығы