Сейсмология институтында ЮНИСЕФ-тің Еуропа және ОА бойынша Өңірлік кеңсесінің ТЖ жөніндегі маманы Тигран Товмасян институт қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу барысында апат қаупін азайту бойынша Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) негізгі мақсаттары мен қызметі жайлы таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстандағы жалпы білім беру мектептерінде оқушылардың табиғи апат барысында қалай әрекет етуге үйрету мәселесін талқылады.
1988 жылы болған Армениядағы Спитак қаласында 10 баллдық күшті жер сілкінісі салдарынан 6 мыңға жуық балалар қаза тапты. Осы ауыр қасіретке әкелген зілзаладан кейін ЮНИСЕФ ұйымы балаларды табиғи және техногендік апаттардан аман сақтап қалу үшін мейлінше күш салуды мақсат етті. ЮНИСЕФ-тің қатысуымен және USAID қолдауымен Армения мен Қырғызстандағы жоба жұмыстарында бірыңғай ақпараттық басқару жүйесін нығайту және құру, қатер туғызатын жағдайларды азайту және әрекет етуде өз миссиясын ойдағыдай атқарды. Алматы қаласы сейсмикалық қаупі жоғары өңірлердің қатарына кіретін болғандықтан жалпы білім беру орындарында оқитын балалардың апаттар жағдайында икемді болу үшін қажетті дағдыларды үйренуі тиіс. Ол үшін оқушыларға апаттан қалай сақтануға болатын шараларды ұйымдастыру мақсатында білім беру жүйесімен және ресурстық мектептермен бірге қызмет атқарудамыз, – деп атап өтті Тигран Товмасян.
ЮНИСЕФ өкілі институт қызметкерлеріне Армения мен Қырғызстандағы жобалар бойынша ұсынылған материалдармен және одан әрі Қазақстандағы мектептердің сейсмикалық қауіпсіздігін бағалау бойынша ықтимал болашақ жобаны іске асыру қажет екенін айтты.
ЮНИСЕФ әлемнің 190 елдерімен әлеуметтік нашар жағдайда қоғамнан оқшау өмір сүріп отырған балалардың игілігі үшін қолдау көрсетіп келе жатқан беделді халықаралық ұйым.