Бозоқ – көшпелі мәдениеттің қайнар ошағы

21 Қазан 2022, 14:30
2174
Бөлісу:
Бозоқ – көшпелі мәдениеттің қайнар ошағы
PHOTO

21 қазан күні елорданың сол жағалауында Үркер тұрғын алабының солтүстігіне қарай орналасқан "Бозоқ қалашығы" орнында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" "Бозоқ" Ұлттық парк құрылысының басталуын бейнелейтін естелік тарихи капсуласын қалау салтанатты ресми рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, археолог Зейнолла Самашев, ғалым, археолог Марал Хабдулина, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл, профессор, академик Ерлан Батташұлы сөз сөйледі.

Аталмыш іс-шараға ҚР Үкіметінің өкілдері, ғалымдар, жоғарғы оқу орындары оқытушылары, студент жастар, мектеп оқушылары, Қосшы қаласындағы "Дара" Бизнес-академия мектеп-лицейі оқушылары, AT-TRAVEL.KZ салт аттылар клубының мүшелері, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары А.К.Айткужинова, Целиноград ауданы мәдениет және спорт, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Ү.Сүйінжанова, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шарада Целиноград ауданы мәдениет үйі дәстүрлі әншілері ән шырқады.

Бозоқ – көшпелі мәдениеттің қайнар ошағы

Жобаның мақсаты – көне Бозоқ қалашығын қайта құру және археология ескерткіштерінің түпнұсқалығын сақтай отырып, ботай, сақтар, ғұндар, түркілердің тарихи кешендерін қалпына келтіру болып табылады, – деді "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық директоры Сәуле Бөкейханқызы Бөрібаева. 

Шараға қатысқан Қосшы қаласы "Дара" Бизнес-академия мектеп-лицейінің 9-сынып оқушылары "Бозоқ" қалашығының орнында болғандарына қуанышты екендіктерін жеткізе келе, болашақта мәдени орынға айналатын тарихи мекеннің орны жастар үшін ерекше екендігін жеткізді.

Бозоқ – көшпелі мәдениеттің қайнар ошағы

Ауқымды нысан – ашық аспан астындағы ұлттық парктің құрылысы кезінде тарихи капсуласын салтанатты түрде қалау Астана тарихында маңызды іс-шара болып табылады. 
Бозоқ қалашығы жайлы қысқаша тоқталып өтсек, танымал археолог Кемел Ақышев ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде хронологиялық тұрғыдан – ежелгі түрік ғибадатханасы, ортаға­сырлық қалашық қыпшақ мұрасы, Алтын Орда кезеңінің қорымы анықталған болатын. Ғалымдар қала­ның гүлденуі Х-ХІІ ғасырларға келе­тінін анықтады. 

Бұл олжаның құндылығы – орта және одан ерте көне ғасырларда дала өлкесі өз қалалары мен қоныстары болған көшпелі мәдениеттің нағыз қайнары және ошағы. Бозоқ ескерткіші хроно­ло­гия­лық тұрғыдан түрлі нысан­дар кешенінен тұрады: ежелгі түрік ғибадат­ханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қо­рымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі т.б. 

Сонымен қатар қалашық материалдары төрт орта­ғасырлық мемлекеттік құрылымның тари­хын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қып­шақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егіншілік ісі өркендегені байқалады. Оған стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстардың қал­дықтары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, монеталар тағы басқалары дәлел.

Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағы­ның исламданған элитасының рухани орталығына айналып, діни-мемориалдық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX ғасыр­лар­да мұнда қазақтың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді. Есіл өзенінің аңғары Бұзықты көлі­нің шығыс жағалауында орын тепкен қалашықтың негізі құрылымы – 65х55 метр аумақты қамтыған, жалпы көрінісі үш жапырақты гүл тәріздес үш бөліктен (алаң-квартал) тұрады. Бекі­ніс тереңдігі 2-3, ені 3-5 метр бола­тын ормен қоршалып, сыртқы жағы­нан шикі кірпішпен қамал қабырға тұр­ғы­зылған. Бұл қамал қабыр­ға таба­ны­ның қалыңдағы шамамен – 8, үстіңгі жағының ені – 5, биіктігі – 2-3 метр болғаны археологиялық өлшем нәтижесінде анықталып отыр.

Сондай-ақ қалашықтың негізгі элементі – солтүстік алаңы. Оның ішкі плат­формасы ормен қоршалған. Көлемі 35x35 шаршы метр. Алаң бар­лық жағы­нан тығыз жабылып, ежелгі қоныс­қа апаратын жалғыз өткел оңтүстік жағын­да орналасқан. Қалашықтың компо­зи­ция­лық жағдайы мен дизайндық ерек­ше­ліктеріне назар аударған адам – сол­түстік алаң күллі бекіністің өзегі еке­нін аңғарады. Бұл бөлікке қазба жұмы­сы жасалып, төменгі қабатынан ерте орта­ғасырлық ғибадатхананың қалдық­тары және адамның қаңқасы табылды. Қала­шық­тың келесі бөлігі оңтүстік алаң болса, ол да ені –  3, тереңдігі – 0,8-1 метр ор­мен қоршалған және платформасында қос қақ­паның сорабы сақталған, үшінші бөлік – шығыс алаң ішкі пайдалануға арналған.

Өзгелердің жаңалығы