Қазақстан халықаралық IELTS емтиханындағы жалпы балл бойынша Қытай, Жапония және Өзбекстаннан алда тұр

5 Сәуір 2022, 19:24
1751
Бөлісу:
Қазақстан халықаралық IELTS емтиханындағы жалпы балл бойынша  Қытай, Жапония және Өзбекстаннан алда тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан халықаралық IELTS емтиханындағы жалпы балл бойынша Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония және Өзбекстаннан алда тұр.

Бұл туралы Білім және ғылым министрі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бұрын атап өткенімдей, осы ақпарат арқылы білім саласындағы халықаралық және ұлттық рейтингтік жүйелердің нәтижелері туралы жазбалар топтамасын бастаймын. 

2021 жылдың соңында БАҚ-та «Қазақстан ағылшын тілін меңгеру бойынша аутсайдерлердің бірі» деген елең еткізер тақырыппен мақала белсенді түрде тарала бастады. Бірақ сілтеме EF EPI рейтингіне берілді. 

Алайда нәтижелермен қатар, мені зерттеу әдістемесінің өзі қызықтырды. 

EF EPI халықаралық рейтингі (EF ағылшын тілін меңгеру индексі) бағалауға кемінде 400 адам қатысқан елдердің ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалайды. 

EF EPI ағылшын тіліндегі EF SET тестін өз бетінше және өз еркімен тапсырған ересектердің деректері негізінде елдердің рейтингін анықтайды. 

EF SET – кез келген интернет пайдаланушысына ақысыз қолжетімді ағылшын тіліндегі онлайн-тест. 

Бұл тестке https://www.efset.org/ef-set-50/ сілтемесі арқылы өтіп, өз бетіңізше тапсыра аласыз. 

Тіл меңгеру деңгейі екі дағды бойынша ғана бағаланады: оқу және тыңдау. Салыстырмалы түрде IELTS, TOEFL-да төрт дағды бойынша. 

Тестілеу сыртқы бақылаусыз өтетіндіктен, репрезентативті үлгі жоқ, тестіленушінің жеке басы сәйкестендірілмейді және тест тапсыру кезінде объективтіліктің сақталуына кепілдік берілмейді. 

Дегенмен тестілеу қорытындысы бойынша 2020 жылғы деректермен салыстырғанда Қазақстанның орташа балы 14 балға жақсарғаны байқалды: ең жоғары 800 балдан 426 балл. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан 470, ал Алматы 466 балл нәтижелерін көрсетіп, ағылшын тілін орташа деңгейде меңгерген қалалар ретінде бағаланды. 

Осы ақпаратқа сүйене отырып, әр адам көрсетілген рейтингтің репрезентативтілігі және оған деген сенім туралы шешімді өзі қабылдауы керек.

Басқа тілдік емтихандардың нәтижелері осы рейтинг сиақты жарияланбайды, бірақ басқа нәтижелер де бар. 

Мысалы IELTS, TOEFL сияқты танымал тест түрлері бар екенін бәрі біледі. 

Бұл тілдік емтихандардың жоғарыда аталған EF SET-тен айырмашылығы – барлық төрт тілдік дағдыға жан-жақты баға береді, яғни тыңдау, оқу, жазу және сөйлеу. 

Сондай-ақ IELTS және TOEFL емтихандары академиялық адалдықтың жоғары стандарттарын көрсетуімен EF SET-тен ерекшеленеді, өйткені тестілеу кезінде қатысушылар жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтуге міндетті және тесті әзірлеушілер өкілдерінің бақылауымен тест тапсырады. 

Енді нәтижелерге толығырақ тоқталайық: 

Қазақстан соңғы үш жылда халықаралық TOEFL iBT емтиханының нәтижелері бойынша оң динамика көрсетіп жүр: 2018 жылы – 82 балл, 2019 жылы – 85 балл, 2020 жылы – 120 балдан 86 балл. Орталық Азия елдері арасында – бұл ең жоғары көрсеткіш. CEFR Жалпыеуропалық жүйесіндегі ағылшын тілін меңгеру деңгейлеріне сәйкес, бұл көрсеткіштер ағылшын тілін білудің шекті немесе орташа деңгейіне (B1) сәйкес келеді. Яғни бұл тұрмыстық жағдайларда тілдесу мүмкіндігін немесе таныс тақырыптар бойынша әңгімелесуге болатынын білдіреді. Тілдік дағдылар бөлінісінде қазақстандықтар тыңдау және сөйлеу бойынша орташа есеппен әрбір бөлімдегі 30 ең жоғары балдан 22 балл, оқу және жазу бойынша 21 балл жинайды. 

Қазақстандықтардың халықаралық IELTS емтиханындағы нәтижелері ерекше қызығушылық тудырады. 2019 жылы азаматтардың ағылшын тілін меңгеру деңгейінің орташа балы ең жоғары 9-дың 6,1 балын құрады, бұл білікті пайдаланушы деңгейіне сәйкес келеді. Бұл қазақстандық үміткерлердің кейбір нақтыланбаған ақпаратқа қарамастан, тілді жақсы меңгергенін білдіреді. Олар күрделі тілді, әсіресе таныс жағдайларда қолданып, түсіне алады. Тілдік дағдылардың түрлері бойынша қазақстандықтар оқу және тыңдау бойынша айтарлықтай жоғары нәтиже (6,3 балдан), ал сөйлеу (6,0) мен жазу (5,6 ұпай) бойынша біршама төмен нәтиже көрсетіп отыр. Кейбіреулер таңданатын шығар, бірақ олар IELTS халықаралық емтиханындағы жалпы балл бойынша Қазақстанның Корея (6,0), Қытай (5,8), Жапония (5,8), Өзбекстан (5,7) және тағы басқа көптеген елден озып кеткеніне қызыға қарайтын болады.

Бірақ IELTS және TOEFL елдер бойынша ресми рейтинг жасамайтынын есте ұстаған жөн. Одан бөлек, олар бойынша жалпы қорытындылар жасау да қиын.

Өйткені академиялық адалдықты қамтамасыз етумен және барлық төрт тілдік дағдыны бағалаумен байланысты артықшылықтарға қарамастан, EF SET-пен салыстырғанда IELTS және TOEFL-да да бірнеше маңызды параметрлер қамтамасыз етілмейді. Атап айтқанда, репрезентативті іріктеу, тестке қатысушылардың бірдей үлесі және басқа да әдістемелік деректер есебінен салыстырмалы нәтижелері. 

Көріп отырғаныңыздай, мұндай деректермен және рейтингтермен жұмыс істегенде, ең алдымен әдістемеге назар аударып, содан кейін ғана қорытынды жасау керек. 

Өкінішке қарай, осындай деректер бойынша толыққанды ақпарат пен егжей-тегжейлі талдаудың болмауы жекелеген субъективті пікір қалыптастыруға кедергі болмайды.

Өзгелердің жаңалығы