«Қазақстан халқына»: Қор ауыр және сирек ауруға шалдыққан балаларға дәрі-дәрмек береді

12 Қаңтар 2022, 11:57
2343
Бөлісу:
«Қазақстан халқына»: Қор ауыр және сирек ауруға шалдыққан балаларға дәрі-дәрмек береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыстар қолға алынып жатыр.

Министрдің сөзінше, қор қызметінің саласы әлеуметтік және мәдени қызметтің денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік инфрақұрылым, болған жойқын – қирату салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдауды қамтиды.

Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қаражатынан орфандық аурулары бар балаларды емдеуге арналған болжамды шығындардың есебі мен дәрілік заттардың тізбесі бойынша ұсыныстар енгізеді. Балалардың денсаулығын сақтау саласында сирек, яғни орфандық  және ауыр аурулары бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету неғұрлым өзекті болып табылады, - деді ведомствоның жаңа басшысы.

Сонымен қатар ол әлемдегі ешбір ел өте жоғары шығындарды ескере отырып, барлық орфандық ауруларды толық қаржыландырмайтынын ескертті.

Сондықтан қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыс жалғасуда, - деді Ажар Ғиният.

Өзгелердің жаңалығы