Қазақстан ғылымын дамытудағы тарихи шешім

31 Наурыз 2023, 17:11
2541
Бөлісу:
Қазақстан ғылымын дамытудағы тарихи шешім
Фото: Пікір білдірушінің жеке мұрағатынан

Еліміздің ғылым саласында жағымды жаңалық жарияланды. 2023 жылы 27 наурызда Президент «ҚР Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сол бойынша Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріліп, ғылым ордасы «ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» деп аталды. ҰҒА-ң басшысын Президенттің өзі тағайындайды және қызметтен босатады деп көрсетілді. Соған ілесе 8-ші сайланған Парламенттің 1-сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев еліміздегі ғылымның дамуы туралы атап өтті, - деді техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстан Ұлттық құрылтайының мүшесі Қылышбай Бисенов.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алып, зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет екенін атап өтті.

Экономиканы әртараптандыру ғылыми негізделуі керектігін, әсіресе өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология арқылы дамыту керектігін атап көрсетті. Сонымен бірге, ғылымды жан-жақты дамыту үшін заң қабылдау туралы тапсырма берілді. Осы орайда айта кету керек, қазіргі таңда министрлік тарапынан ғылым мен өнеркәсіпті байланыстыру үшін үлкен жұмыстар жүргізілуде. Министрлікте жаңа заң жобасы дайындалуда. Сондай жұмыстардың бірқатары - Ғылым туралы заңға өзгерістер енгізу және отандық өндіріспен байланысты нығайту, ғылыми нәтижені өндіріске енгізу, өндірісте жаңа технологияларды белсенді қолдану, әсіресе экономика салалары бойынша ақпараттық технологияларды енгізу қолға алынып, үлкен жұмыстар жүргізілуі қажет. Осының бәрі отандық ғылымды дамытудың негізгі бағыттары. Өткен жылы Ұлттық Ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ғылыми қызметпен тікелей айналысатын ғалымдарға қолдау көрсету керектігін, егер біз ғылымды таңдамасақ, ғылымды таңдаған ел бізді таңдайды деген қағиданы басшылыққа алмасақ, озық елдерге тәуелді болып өмір сүру жалғаса беретінін, Ұлттық ғылым академиясы ғылыми ой-тұжырым орталығына және сараптама жасайтын беделді мекемеге айналуға тиіс екенін айтқан болатын. Міне, соңғы уақыттарда еліміздің ғылымына, ғалымдарға мемлекет тарапынан жасап жатқан қолдаулар қоғамда ерекше орын алатын, ғылымның дамуына жаңа серпін әкелетін, ғалымдар көптен күткен айтулы жаңалық болып отыр, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы