- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ғылымнан өндіріске дейін: Қазақстан үш саланы біріктіруді көздейді
Ғылымнан өндіріске дейін: Қазақстан үш саланы біріктіруді көздейді
Ғылым және жоғары білім министрлігі елдің инновациялық жүйесін кешенді реформалауды ұсынды.
Бүгiн 2026, 18:18
Қазақстанда ғылым мен инновацияны экономикалық өсудің негізгі факторларының біріне айналдырудың жаңа тәсілі талқыланып жатыр. Әңгіме стартаптарды қолдаудың жекелеген бағдарламалары немесе ғылыми жарияланымдар санын арттыру туралы емес, жүйелі өзгерістер туралы болып отыр.
12 маусымда Үкімет үйінде өткен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің (Инновациялық штабтың) отырысында Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми зерттеулерді, өндірісті және экономиканың нақты қажеттіліктерін бір жүйеге біріктіруге бағытталған инновациялық саясаттың жаңа тұжырымдамалық моделін таныстырды.
Штаб мүшелері алдында сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек инновация мәселесі бүгінде бір ғана ведомствоның құзыретінен әлдеқайда асып кеткенін айтты.
Бүгінгі отырыстың маңызы ерекше. Біз алғаш рет инновацияларды ғылымның, цифрландырудың немесе өнеркәсіптің жеке салалық мәселесі ретінде емес, ел экономикасын жаңғыртудың кешенді міндеті ретінде қарастырып отырмыз, – деді министр.
Инновация бар, бірақ технологиялық дайындық жеткіліксіз
Министрліктің алғашқы қадамдарының бірі елдегі инновациялық қызметті ауқымды түгендеу болды. Enbek.kz порталы арқылы 6 мыңнан астам кәсіпорынға сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде инновациялық әлеуеті бар 1600-ден астам компания анықталды. Бұл кәсіпорындарда 147 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның ішінде 29 мыңға жуық инженер, IT-маман және ғылыми қызметкер бар.
Талдау маңызды мәселені көрсетті. Инновациялық бастамалар көп болғанымен, жобалардың басым бөлігі дамудың бастапқы кезеңінде қалып отыр. Анықталған әзірлемелердің шамамен 60 пайызы зерттеу мен зертханалық сынақ деңгейінде қалып, өндірістік енгізу кезеңіне жете алмай отыр.
Әсіресе жасанды интеллект пен деректерді талдау инновациялық белсенділіктің ең танымал бағытына айналғанымен, мұндай жобалардың едәуір бөлігі әлі күнге дейін практикалық қолдану деңгейіне жетпеген.
Министрліктің пікірінше, идея мен коммерциялық өнім арасындағы осы алшақтық Қазақстанның инновациялық экожүйесін тежеп отырған басты жүйелі кедергі болып қала береді.
Министр баяндамасының негізгі тақырыптарының бірі коммерцияландырудағы үзіліс мәселесі болды.
Қазіргі таңда мемлекет іргелі зерттеулер мен ғылыми әзірлемелердің бастапқы кезеңдерін қаржыландырады. Ал бизнес дайын өнімдер мен ауқымдауға болатын шешімдерге ғана инвестиция салуға дайын.
Ал осы екі кезеңнің арасында ең күрделі бөлік – ғылыми идеяны өндірістік үлгіге айналдыру кезеңі жатыр.
Бұл кезеңде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған гранттар, прототиптеу орталықтары, технологиялық брокерлік және өнімді өнеркәсіптік деңгейге жеткізу құралдары қажет. Дәл осы жерде коммерцияландырудағы алшақтық пайда болады. Ғылыми идея бар, бірақ ол әлі өндірістік үлгіге, сынақ партиясына немесе нарықтық өнімге айналмаған, – деді Саясат Нұрбек.
Бұл мәселені шешу үшін министрлік тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау құралдарын кеңейтуді, Ғылым қоры негізінде «қорлар қорын» құруды және QazInnovations қызметін қайта форматтауды ұсынып отыр. Қолдау шаралары енді тек цифрлық шешімдерге ғана емес, экономиканың барлық саласына бағытталмақ.
Қазақстан неге әлемдік рейтингтерде артта қалып отыр?
Баяндамада инновациялық дамудың халықаралық бағасына да ерекше назар аударылды.
Global Innovation Index дерегіне сәйкес, Қазақстан 139 елдің ішінде 81-орында тұр. 2022 жылмен салыстырғанда көрсеткіш жақсарғанымен, өткен жылмен салыстырғанда ел 78-орыннан 81-орынға төмендеген.
Мәселе тек ғылымды қаржыландыру көлемінде емес.
Қазақстан адами капитал, инфрақұрылым, цифрландыру және жоғары білім беру көрсеткіштері бойынша жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Алайда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бизнес тарапынан жұмсалатын шығын көлемі, венчурлік капитал мөлшері және зияткерлік меншікті коммерцияландыру деңгейі бойынша айтарлықтай артта қалып келеді.
Яғни мемлекет базалық инфрақұрылымды қалыптастырып үлгергенімен, экономика тарапынан инновацияларға деген жеткілікті сұраныс қалыптастыра алмады.
Халықаралық интеграция
Жаңа саясаттың ең ауқымды бағыттарының бірі – Қазақстанның Еуропадағы ең ірі ғылыми-инновациялық Horizon Europe бағдарламасына қосылуы.
Министрлік мұны тек қосымша қаржы тарту мүмкіндігі ретінде емес, ұлттық инновациялық жүйені жаңғыртудың құралы ретінде қарастырады.
Қауымдастырылған ел мәртебесін алу Қазақстанға Еуропалық одақ елдерімен ғана емес, Канада, Жапония, Австралия, Түркия және басқа да қауымдастырылған мемлекеттермен бірлескен жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл ғылым мен технология саласындағы халықаралық серіктестікті кеңейтіп, көпжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттырады, – деді министр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Horizon Europe бағдарламасының 2028–2034 жылдарға арналған жалпы бюджеті 200 миллиард еуродан асады. Бағдарламаға қатысу халықаралық консорциумдарға, зерттеу инфрақұрылымына және венчурлік қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Стартаптардан технологиялық тізбектерге көшу
Жаңа стратегияның тағы бір ерекшелігі – жекелеген инновациялық жобаларды қолдауға ғана назар аударудан бас тарту.
Министрлік ғылым, университеттер, өндіріс пен өңірлер біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін толық қосылған құн тізбектерін дамытуға көшуді ұсынып отыр.
Министр мұндай тәсілге мысал ретінде тазартылған селен өндірісін келтірді. Технологиялық өңдеуден кейін өнімнің құны бастапқы шикізатпен салыстырғанда ондаған есе өседі.
Сондықтан жаңа модельде өңірлік университеттерге ерекше рөл берілмек.
Жоғары оқу орындары әкімдіктермен бірлесіп өңірлік экономиканың технологиялық қажеттіліктерін анықтап, бизнес сұраныстарын қалыптастырып, зерттеулер ұйымдастырып және жаңа өндірістерді енгізуге қолдау көрсетеді.
Бұл тәсіл Еуропалық одақ елдерінде кеңінен қолданылатын smart specialization қағидатына негізделген. Оның мәні – әр өңір өзінің ең күшті бәсекелік артықшылықтарына ие бағыттарды дамытуы керек.
Парадигманың басты өзгерісі
Министр баяндамасының ең маңызды бөлігі ғылымның экономикадағы рөлін қайта қарауға арналды.
Оның айтуынша, Қазақстан инновациялар тек ғылыми зерттеулердің нәтижесі ретінде пайда болады деген көзқарастан бас тартып, ғылым нақты экономикалық сұраныстарға жауап беретін модельге көшуі тиіс.
Біздің моделіміздің негізгі идеологиялық қағидасы – «ғылым арқылы инновациядан» «инновация арқылы ғылымға» көшу. Бұл жерде бастапқы нүкте нақты технологиялық міндет болуы тиіс, – деді Саясат Нұрбек.
Министр сондай-ақ елдің технологиялық дамуының шынайы жолын ұсынды.
Қазақстан технологияларды жедел бейімдейтін елге айналуы керек. Барлық мемлекеттер негізгі технологияларды өздері ойлап тапқан жоқ. Жапония транзисторды ойлап тапқан жоқ, Корея металлургияны ойлап тапқан жоқ, Қытай литий-ионды батареяны ойлап тапқан жоқ, Финляндия GSM технологиясын нөлден жасаған жоқ. Бірақ олар технологияны игеріп, жергіліктендіріп, жетілдіріп, кейін өз әзірлемелерін жасай алды. Қазақстан үшін де шынайы жол – лицензия алу, игеру, жергіліктендіру және өз технологияларын әзірлеу, – деді министр.
Инновацияларды мемлекеттік саясат деңгейіне көтеру
Министрлік ұсынған жаңа модель ғылым саласының шеңберінен әлдеқайда кең.
Ол технология трансферінің жаңа құралдарын енгізуді, технологиялық ваучерлерді іске қосуды, академиялық үздік орталықтарын құруды, spin-off компанияларды дамытуды және өңірлердің инновациялық саясаттағы рөлін күшейтуді көздейді.
Сонымен бірге басты қағида өзгермейді: мемлекет процесті емес, нәтижені қаржыландыруы тиіс.
Сондықтан инновациялық жүйенің тиімділігі енді ғылыми зерттеулердің саны бойынша емес, енгізілген технологиялардың, құрылған өндірістердің, экспортқа шыққан шешімдердің және жаңа қосылған құн тізбектерінің саны бойынша бағалануы керек.
Шын мәнінде, әңгіме Қазақстанның инновациялық саясатын жекелеген жобаларды қолдау режимінен толыққанды технологиялық экономика қалыптастыру кезеңіне көшіру туралы болып отыр. Бұл трансформацияның қаншалықты табысты болатынын алдағы жылдар көрсетеді. Алайда қазірдің өзінде жаңа стратегияның өзегінде ғылымның өзі емес, оның нақты экономикалық нәтиже бере алу қабілеті тұрғаны анық.
Ең оқылған: