Қазақстан Еуропалық одақпен визалық режимді жеңілдету мәселесі бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары кезінде Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен өткен кездесуде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздер аяқталды.
Қазіргі уақытта тараптар келісімдерге қол қою алдында қажетті ішкі рәсімдерді жүргізіп жатыр. Келісім күшіне енген жағдайда қазақстандықтар үшін визалық өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, көп мәртелік виза алу мүмкіндігі кеңейіп, құжаттарға қойылатын талаптар жеңілдетіледі.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Қазақстан аумағында үшінші елдердің мигранттарын орналастыру мәселесі бойынша Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында келіссөздер жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Қазақстан тарапы Еуропалық одақпен немесе оған мүше мемлекеттермен Қазақстан аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын әрі Еуропа мемлекеттерінен қайтарылатын немесе депортацияланатын адамдарды қабылдау, орналастыру, ұстау немесе транзиттік өткізу орталықтарын құру мәселесі бойынша ешқандай келіссөз жүргізген жоқ ,– деді СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Министрліктің мәліметінше, визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер – құқықтық тұрғыдан екі бөлек мәселе. Сондықтан визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздер Қазақстанның өз аумағында үшінші ел азаматтарын қабылдау жөнінде қандай да бір міндеттеме алуын білдірмейді.
Осылайша Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желілерде тараған Еуропадан мигранттарды Қазақстанға көшіру туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын тағы бір мәрте растады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ауғанстанға 300 тонна гуманитарлық көмек жібергені хабарланды.