Астанада жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада – IOAI 2026 өз мәресіне жетті.
2–8 тамыз аралығында Астанада Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада (IOAI 2026) өтті.
Бұл деңгейдегі байқау Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды. Олимпиадаға әлемнің 106 елінен 500-ге жуық оқушы, тәлімгер және қазылар алқасының мүшесі қатысты.
Бір апта бойы қатысушылар машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің басқа да бағыттары бойынша практикалық тапсырмаларды орындады.
Жеке турдың қорытындысы бойынша жүлдегерлер:
1-орын – Артем Горохов (Ресей);
2-орын – Дәужан Бекетов (Қазақстан);
3-орын – Шао Цзыси (Қытай).
Бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі – Team Challenge командалық сайысы болды. Онда халықаралық командалар жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, практикалық тапсырманы орындады.
Командалық сайыс қорытындысы бойынша арнайы марапаттарға ие болғандар:
Best Demonstration Award – роботтар сайысындағы үздік таныстырылымы үшін Жаңа Зеландия құрамасы;
Creative Robot Design Award – роботтың ең креативті дизайны үшін Гонконг құрамасы;
AI-Native Robotics Award – робототехникада AI-native тәсілдерін үздік қолданғаны үшін Бразилия құрамасы.
Қазақстандық оқушының халықаралық деңгейдегі осындай беделді олимпиадада екінші орын алуы – еліміздің жасанды интеллект саласындағы жас таланттарының жоғары деңгейін көрсететін маңызды жетістік.