Трамптың жеке адвокаты АҚШ-тың бас прокуроры болып тағайындалды

Сенат Тодд Бланштың кандидатурасын мақұлдап, Дональд Трамптың бұрынғы жеке адвокатын АҚШ Әділет министрлігінің басшысы қызметіне тағайындады.

 AP Photo/Evan Vucci 8 Тамыз 2026, 17:44
8 Тамыз 2026, 17:44
157
Фото: AP Photo/Evan Vucci

АҚШ сенаты Тодд Бланшты елдің бас прокуроры қызметіне бекітті. Бұл шешім Дональд Трамп үшін маңызды саяси жеңіс саналады. Бұған дейін Бланш оның жеке адвокаты болған, енді АҚШ Әділет министрлігін басқарады.

Бланштың кандидатурасын сенатор-республикашылдардың басым бөлігі қолдады. Алайда партияласы саналатын Сьюзан Коллинз бен Лиза Мурковски оған қарсы дауыс берді. Демократ сенаторлардың барлығы оның кандидатурасын қолдамады.

Тодд Бланшқа қатысты сындардың бірі Әділет министрлігінің Джеффри Эпштейн ісіне байланысты құжаттарды жариялау тәртібіне қатысты болды. Министрлік материалдарды өңдеу кезінде бірқатар қателік жіберді деген сынға ұшырады. Атап айтқанда, кейбір мәліметтер негізсіз жасырылған, ал керісінше жәбірленушілердің кейбір есімдері ашық күйінде қалған.

Бастапқыда Бланш жәбірленушілермен жеке кездесуден бас тартқанымен, кейін олардың өтінішін қабылдады. Алайда жәбірленушілердің айтуынша, кездесуде олар нақты жауап ала алмаған.

Тодд Бланш 2023 жылдан бері Дональд Трамптың жеке адвокаты болды. 2026 жылдың сәуірінде президент оны бас прокурордың міндетін атқарушы етіп тағайындап, кейін бұл қызметке тұрақты негізде ұсынды.

Оның кандидатурасын бекіту Әділет министрлігінің қызметіне қатысты дау-дамайларға байланысты ұзаққа созылды. Республикашылдардың бір бөлігі министрлік құруды жоспарлаған көлемі 1,8 млрд долларлық қорға байланысты қарсылық білдірді. Сыншылардың пікірінше, бұл қаражат 6 қаңтардағы наразылықтарға қатысушыларды қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін еді.

Бланш сенаторларға мұндай қор құрылмайтыны жөнінде жазбаша кепілдік бергеннен кейін ғана оның кандидатурасы мақұлданды.

Наверх