Қазақстан экономикасы 3 айда ненің есебінен өсті

Салалар арасында құрылыс, көлік қызметтері және өңдеу өнеркәсібі ең жоғары өсуді көрсетті.

 BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:35
Бүгiн 2026, 10:35
133
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қазақстан экономикасы 2026 жылдың I тоқсанында 3%-ға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет отырысында сөз сөйлеген бірінші вице-министрдің айтуынша, биылғы өсімнің басты ерекшелігі – экономиканың мұнай секторын есепке алмағанда да дамып отырғаны.

Биыл 1 тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3%-ды құрады. Осы жылдың ерекшелігі – қалыптасқан жағдайға байланысты экономика мұнай саласын есепке алмағанда өсуде. Нақты сектордағы өсу 2,1%-ды, көрсетілетін қызметтер өндірісі 3,7%-ды құрады. Салалар арасында құрылыс, көлік қызметтері және өңдеу өнеркәсібі ең жоғары өсуді көрсетті. Сауда 4,8%-ға, байланыс қызметтері 3,9%-ға, ауыл шаруашылығы 3,4%-ға өсті, – дейді ол.

Инвестициялар экономикалық өсудің негізгі драйвері болып қала беруде.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,4%-ға артып, 3,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде жеке инвестициялар 20,9%-ға өсті. Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауға салынған инвестициялар көлемі 2,5 есеге, ақпарат және байланысқа – 2 есеге, ауыл шаруашылығына – 70,6%-ға, саудаға – 28,2%-ға, өңдеу өнеркәсібіне – 21,6%-ға, көлік қызметтеріне – 7,9%-ға өсті, – деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, инвестициялардың жоғары өсімі Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалған. Ал Қостанай, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында төмендеу тіркелген.

Сондай-ақ сыртқы сауда көрсеткіштері де жария етілді.

Қаңтар-ақпанда сыртқы сауда айналымы 21,7 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 12 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 4,5 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 9,6 млрд долларды құрады. 2,4 млрд доллардан астам көлемде оң сауда балансы сақталуда, – деді ол.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім де жеделдеген.

Қаңтар-наурызда өңдеу өнеркәсібіндегі өсу 8,5%-ға дейін жеделдеді. Өсу 18 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өндірістің төмендеуі тіркелді. Өткен жылы экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға дейін өсті және екінші жыл тау-кен өнеркәсібінің үлесінен жоғары болып отыр, – дейді Әмрин.

Бұдан бөлек, мұнай секторының экономикадағы үлесі төмендегені атап өтілді.

Мұнай секторының жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есеге төмендеді. 2010 жылы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін. Тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі әртараптандыруға баса назар аударуды жалғастыру маңызды, бұл орташа табыс тұзағынан шығуға мүмкіндік береді, – деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім нақты өндірістік көрсеткіштермен бекітіліп отыр.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу машина жасау өндірісінің 21,9%-ға, оның ішінде автомобиль құрастырудың – 29,6%-ға және электр жабдықтарын өндірудің – 31,3%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 12,6%-ға, сусындарды өндіру – 10%-ға, құрылыс материалдары өндірісі – 37,1%-ға, металл бұйымдары – 39,3%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 46%-ға, химия өнеркәсібі – 2,4%-ға ұлғайды, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан экономикасы 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 3%-ға өскенін жазған едік.

Наверх