Қазақстан экономикасы 2027-2029 жылдары жылына 5%-дан жоғары өседі – болжам

 ©BAQ.KZ коллажы 17 Қыркүйек 2026, 10:34
17 Қыркүйек 2026, 10:34
154
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин еліміздің 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, болжам әлемдік экономиканың даму перспективалары мен сыртқы нарықтардағы жағдай ескеріле отырып әзірленген.

Халықаралық валюта қорының шілде айында жаңартылған болжамына сәйкес, 2027 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,4 пайызға жетеді. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған мұнай бағасы жөніндегі болжамдарын төмендеткен.

Консенсус-болжам бойынша мұнай бағасы барреліне 70,3 АҚШ долларына дейін төмендеген. Осыған байланысты базалық нұсқада мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде белгіленді.

Азамат Әмриннің сөзінше, сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырады.

Базалық нұсқаға сәйкес, 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсімі 5 пайыздан жоғары деңгейде болжануда. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі, – деді бірінші вице-министр.

Өңдеу өнеркәсібінің өсімі жоғары болады

Болжамға сәйкес, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсімінен жоғары болады.

Өңдеу өнеркәсібінің дамуына металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі және тамақ өнімдерін өндіру салалары негізгі үлес қосады.

Экономиканың негізгі өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болмақ. Оның орташа жылдық өсімі кемінде 5 пайыз деңгейінде болжанып отыр.

Құрылыс саласының өсімі 17,3 пайызға жетуі мүмкін

Құрылыстағы өсу қарқыны 2027 жылғы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін артады деп болжануда.

Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететін болады, – деді Азамат Әмрин.

Наверх