Қазақстан делегациясы БҰҰ конгресінде қаржылық қылмысқа қарсы шараларды таныстырды

Бес жылда бір рет өткізілетін іс-шара БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

28 Қыркүйек 2026, 08:41
АВТОР
 ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі 28 Қыркүйек 2026, 08:41
28 Қыркүйек 2026, 08:41
88
Фото: ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің делегациясы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі XV конгресіне қатысты.

Бес жылда бір рет өткізілетін іс-шара БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Конгреске трансұлттық қылмыс, қылмыстық сот төрелігі, киберқылмыс және қаржылық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес салаларында жұмыс істейтін уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

Қазақстан делегациясы қаржылық қылмыстар мен қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылда тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану тәжірибесін таныстырды.

Сондай-ақ дроп-карталарды, виртуалды активтерді және қаражатты түрлі юрисдикциялар арасында аударып, оның ізін жасыруға мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды қылмыстық мақсатта пайдалануға байланысты қауіптер талқыланды. Агенттік осы қатерлерге қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Қылмыстық кірістерді заңдастырудың жаңа схемаларын уақтылы анықтау және күдікті операцияларға жедел ден қою үшін мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне де назар аударылды.

Конгресс қорытындысы бойынша қаржылық қылмысқа қарсы күресте құзыретті органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Наверх