«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы белгілі болды

8 Маусым 2019, 18:45
2979
Бөлісу:
«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Айбек Нұғымаров екі дүркін «Қазақстан Барысы» атанды, деп хабарлады «Хабар 24». 

Турнир кезінде жартылай финалға Айбек Нұғымаров (ШҚО), Айбат Сейтен (Нұр-Сұлтан), Руслан Әбдіразақов (Алматы) пен Ерасыл Қажыбаев (ШҚО) шықты. 

Ерасыл Қажыбаев финалға барар жолда Айбат Сейтенді жеңсе, Айбек Нұғымаров Руслан Әбдіразақовтан айласын асырды. 

Турнирдің 3-орнын Руслан Әбдіразақов еншіледі. Ал финалдық белдесуде шығысқазақстандық қос балуан Айбек Нұғымаров пен Ерасыл Қажыбаев нағыз тартысты өнер көрсетті. 

Алғашқы ұпайды Ерасыл алғанымен белдесу басталғаннан кейін қателікке жол беріп, Айбек жартылай жеңіске жетті. 

Тартысты сәттердің бірінде Ерасыл есепті теңестіруге жақын қалған еді. Ақыры Айбек Нұғымаров таза жеңіп, екі дүркін «Қазақстан Барысы» атанды. 

Айта кетейік, Айбек Нұғымаров 2013 жылы да «Қазақстан Барысы» атанған болатын. 

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласы «Барыс-Арена» спорт кешенінде «Қазақстан Барысы-2019» турнирі өтті. Республикалық турнирді Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетті. Биылғы жарыстың жүлде қоры да қомақты. Жеңімпазға 25 млн теңгеден бөлек алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табыс етіледі. ІІ және ІІІ орынға ие болған спортшыларға сәйкесінше 5 млн 500 мың және 1 млн 800 мың теңге беріледі. Сонымен қатар, палуандарға әр жеңісі үшін 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталады.

Өзгелердің жаңалығы