Қазақстан банктеріне цифрлық теңгені резерв ретінде пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін

10 Қараша 2026, 14:11
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 10 Қараша 2026, 14:11
10 Қараша 2026, 14:11
93
Фото: ©BAQ.KZ коллажы
Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктер мен жекелеген қаржы ұйымдарына қойылатын ең төмен резервтік талаптарды өзгертуге ниетті. Жаңа жобаға сәйкес, банктер міндетті резервтерінің бір бөлігін цифрлық теңгемен қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар облигацияларды есепке алу және олар бойынша есептілік ұсыну тәртібіне өзгерістер енгізу ұсынылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Тиісті қаулы жобасы 2026 жылғы 9 қарашада «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат қоғамдық талқылауға шығарылған. Оны талқылау 24 қарашаға дейін жалғасады.

Банктер резервінің 25 пайызын цифрлық теңгемен қамтамасыз ете алады

Ұлттық банк жобасы резервтік активтердің құрамын кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, банктер мен қаржы ұйымдарына тиесілі цифрлық теңге ең төмен резервтік талаптарды орындау кезінде есепке алынатын активтер қатарына енгізілмек.

Алайда цифрлық теңгені резерв ретінде есепке алуға шектеу қойылады. Оның көлемі есептелген ең төмен резервтік талаптардың 25 пайызынан аспауы керек.

Мысалы, банк 100 млрд теңге көлемінде резерв қалыптастыруы қажет болса, оның 25 млрд теңгеге дейінгі бөлігін цифрлық теңгемен қамтамасыз ете алады. Қалған 75 млрд теңге басқа рұқсат етілген резервтік активтер есебінен қалыптастырылуы тиіс.

Бұл ретте қаржы ұйымдары цифрлық теңгені міндетті түрде пайдалануға тиіс емес. Жоба тек оны резервтік актив ретінде есепке алуға мүмкіндік беруді қарастырады.

Ұлттық банк цифрлық теңгенің қалдығын күн сайын бақыламақ

Құжатта банктер мен қаржы ұйымдарының есептілік ұсыну тәртібіне де өзгерістер енгізілген. Егер жоба қабылданса, қаржы ұйымдары Ұлттық банкке цифрлық теңгенің күнделікті қалдығы туралы мәлімет беріп отыруы керек. Сондай-ақ резервтік активтерді есептеу кезеңіндегі цифрлық теңгенің орташа қалдығы көрсетіледі.

Бұдан бөлек, реттеуші резервтерді есептеу кезінде пайдаланылатын баланстық шоттар тізбесі мен есептілік нысандарын нақтылауды ұсынып отыр.

Облигацияларды мерзімінен бұрын өтеу тәртібі өзгереді

Қаулы жобасында облигациялар бойынша міндеттемелерді резервтік талаптарды есептеу кезінде ескеру шарттары да нақтыланған. Атап айтқанда, облигация ұстаушылардың талабы бойынша эмитенттің бағалы қағаздарды мерзімінен бұрын сатып алу немесе өтеу міндеттемелері қарастырылған.

Мұндай жағдай компания облигация шығару кезінде өзіне алған ковенанттарды бұзған кезде немесе эмитентке бақылау жасау құқығы өзгерген жағдайда туындауы мүмкін.

Ұлттық банк осындай міндеттемелерді ең төмен резервтік талаптарды есептеу кезінде ескерілетін міндеттемелердің үшінші санатына жатқызу шарттарын нақтылауды көздеп отыр.

Сонымен қатар облигациялар туралы ақпарат ұсынудың бірыңғай нысанын енгізу ұсынылған. Онда:

  • облигацияларды шығару шарттары;

  • эмитент пен бағалы қағаз иелерінің құқықтары;

  • облигацияларды мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі;

  • ковенанттар;

  • облигация ұстаушылардың құрамы;

  • шығарылымның өзге де сипаттамалары көрсетілуі тиіс.

Өзгерістер қашан күшіне енеді?

Ұлттық банктің мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістер резервтік талаптарды орындау тәртібін жетілдіруге және оны тиімдірек етуге бағытталған.

Құжатта қаулыны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейтіні де көрсетілген.

Жоба қабылданған жағдайда, жаңа талаптар қаулы күшіне енген күннен бастап қолданыла бастайды. Қазір құжат қоғамдық талқылау кезеңінде.

Оқи отырыңыз: 

Қазақстанда 339 млрд теңгеге жуық цифрлық теңге айналымға шығарылды

Цифрлық теңге қаржы жүйесін қалай өзгертеді? Сарапшы түсіндірді

Наверх