Цифрлық теңге қаржы жүйесін қалай өзгертеді? Сарапшы түсіндірді

23 Шілде 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ 23 Шілде 2026, 07:30
23 Шілде 2026, 07:30
265
Фото: ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ

Қазақстанда цифрлық теңгені кезең-кезеңімен енгізу жалғасып жатыр. Бұл жоба қаржы жүйесін жаңғыртуға, бюджет қаражатының ашықтығын арттыруға және төлем инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Цифрлық теңгенің ерекшелігі неде? Ол қарапайым азаматтар мен бизнеске қандай мүмкіндік береді? BAQ.KZ тілшісінің осы және өзге де сауалдарына Qazaq Expert Club қаржы сарапшысы Саида Тлеуленова жауап берді.

Цифрлық теңге – теңгенің үшінші нысаны

Сарапшының айтуынша, цифрлық теңге жаңа валюта емес, ұлттық валютаның үшінші нысаны. Ол қолма-қол ақша мен банктік шоттардағы қолма-қолсыз ақшамен қатар қолданылатын Ұлттық банктің цифрлық міндеттемесі.

Оның сөзінше, цифрлық теңгенің басты ерекшелігі – бағдарламаланатын төлемдерді жүзеге асыру мүмкіндігі. Бұл белгілі бір қаражатты тек нақты мақсатқа ғана пайдалануға жол ашады. Сондай-ақ интернетсіз де төлем жасауға мүмкіндік береді.

Цифрлық теңге қазіргі төлем жүйесін алмастырмайды, керісінше оны толықтырып, қаржы инфрақұрылымының тиімділігін арттырады. Интернет болмаған жағдайда да төлем жасау мүмкіндігі әсіресе шалғай өңірлер үшін маңызды, – деді Саида Тлеуленова.

Бюджет қаражатының ашықтығын күшейтеді

Қаржы сарапшысы цифрлық теңгенің мемлекеттік қаржыны басқарудағы тиімділігіне де тоқталды. Оның айтуынша, бюджет қаражаты цифрлық теңге арқылы жүргізілсе, қаражаттың қозғалысын техникалық тұрғыдан толық бақылауға мүмкіндік туады.

Мысалы, мектеп немесе жол құрылысына бөлінген қаржының дәл сол мақсатқа жұмсалғанын қадағалау жеңілдейді.

Бұл мемлекеттік шығыстардың ашықтығын арттырып, қаражаттың мақсатсыз жұмсалу қаупін азайтады. Дегенмен, цифрлық теңгені сыбайлас жемқорлықты толық жоятын құрал ретінде қарастыруға болмайды. Ол тек бақылау тетігін күшейтеді, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, нақты нәтиже мемлекеттік басқару сапасына, бақылау институттарының тиімділігіне және заң үстемдігіне байланысты болады.

Азаматтарға қандай мүмкіндік береді?

Саида Тлеуленованың айтуынша, қарапайым азаматтар үшін цифрлық теңгенің негізгі артықшылығы – төлемдердің ыңғайлылығы мен қауіпсіздігі.

Оның пікірінше, болашақта интернетсіз төлем жасау мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау шаралары нақты алушыға жылдам әрі тиімді жеткізіледі.

Цифрлық теңгенің табысты болуы тек технологияға емес, халықтың сеніміне де байланысты. Егер адамдар өз мәліметтерінің қауіпсіз екеніне сенімді болса, жаңа жүйені қабылдау деңгейі де жоғары болады, – деді қаржы сарапшысы.

Ол қоғамда дербес мәліметтердің құпиялығы мен киберқауіпсіздікке қатысты сұрақтардың туындауы заңды екенін айтып, азаматтардың қаржылық деректерін қорғау халықаралық стандарттарға сай қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.

Бизнес пен банктер дайын ба?

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның банк жүйесі соңғы жылдары цифрландыру бағытында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Сондықтан техникалық тұрғыдан цифрлық теңгені енгізуге дайындық деңгейі жоғары.

Оның сөзінше, жаңа жүйе кәсіпкерлер үшін есеп айырысуды жеделдетіп, кейбір операциялық шығындарды азайтуы мүмкін.

Болашақта төлем комиссияларының төмендеуі және есеп айырысу процесінің жеңілдеуі де ықтимал. Әрине, бастапқы кезеңде бизнеске өз ақпараттық жүйелерін бейімдеуге қосымша шығындар қажет болады. Бірақ ұзақмерзімді перспективада бұл шығындар тиімділік пен өнімділіктің артуы арқылы өтелуі мүмкін, – деді Саида Тлеуленова.

Қазақстанның цифрлық теңгесі несімен ерекшеленеді?

Қаржы сарапшысының айтуынша, бүгінде әлемнің көптеген мемлекеті орталық банктің цифрлық валютасын әзірлеп немесе сынақтан өткізіп жатыр.

Қытай цифрлық юаньды енгізуде көшбасшылардың бірі болса, Багам аралдары, Нигерия, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропалық Одақ та өз жобаларын дамытуда.

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның цифрлық теңге жобасы халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті бастамалардың бірі саналады.

Қазақстанның цифрлық теңге жобасының басты ерекшелігі – офлайн төлемдерді қолдау, бағдарламаланатын ақша технологиясын пайдалану және мемлекеттік қаржыны басқаруға бағытталуы. Егер бұл құрал бюджет қаражатының ашықтығын арттырып, мемлекеттік шығындардың тиімділігін көтеріп, азаматтар мен бизнес үшін төлемдерді жеңілдетсе, цифрлық теңге еліміздің қаржы жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың біріне айналады, – деп түйіндеді Саида Тлеуленова.

 

Наверх