Қазақстан азаматтары Жапонияға визасыз қашан бара алады?

СІМ Жапонияға қатысты маңызды мәлімдеме жасады.

Бүгiн 2026, 11:05
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан Бүгiн 2026, 11:05
Бүгiн 2026, 11:05
196
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Қазақстан Жапониямен визалық режимді жеңілдету мәселесі бойынша келіссөздерді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары  Ержан Ашықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистердің Жапониямен визасыз режим енгізудің нақты мерзімдері туралы сауалына жауап берген ол азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау Қазақстан сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.

Визалық шектеулерді жеңілдету бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан паспортының халықаралық деңгейде танылуы артып келеді. Дегенмен бұл мәселе тек біздің тарапқа ғана байланысты емес. Әр мемлекеттің өз ішкі саяси және экономикалық ұстанымдары, елге келетін шетел азаматтарына қатысты талаптары бар. Сондықтан мұндай келіссөздер ұзақ уақытты қажет ететін күрделі процесс,– деді Ержан Ашықбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы Жапониямен қатар басқа да мемлекеттермен визалық режимді жеңілдету бағытындағы жұмысты жалғастыра береді.

Жапониядағы серіктестерімізбен де, басқа елдермен де бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Нақты нәтижелер мен шешімдер қабылданған кезде ол туралы міндетті түрде хабарлаймыз,– деді министрдің бірінші орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары үшін шетелдермен визалық рәсімдерді жеңілдету мәселесінің маңызын бірнеше рет көтерген болатын. Алайда қазіргі уақытта Жапонияға бару үшін Қазақстан азаматтарына виза рәсімдеу талабы сақталып отыр.

Бұған дейін Қазақстан мен ЕО визаны жеңілдету мәселесін талқылып жатқаны айтылған еді.

Наверх